Алматыда «Өткенді шолу» көрмесі ашылды
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Ғалым Оспановтың жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Келушілер назарына суретшінің натюрморт жанрындағы 50-ден астам жұмысы ұсынылды. Сонымен қатар суретшінің туындылары жинақталған каталог таныстырылды.
Ғалым Оспановтың қылқаламынан шыққан әр туынды нағыз жауһар десе болады. «Натюрморт жанрында жұмыс істейтін суретші үшін шекара ұғымы жоқ», – дейді автор. Ол 20 жылдан бері айналасындағы заттарды кенеп бетіне түсіріп келеді. Бүгінгі көрменің «Өткенді шолу» деп аталуы бекер емес. Көрме суретшінің ауқымды шығармашылық кезеңін қамтиды.
Ғалым Оспанов, суретші:
- Пейзаж картиналарым да болған. Бірақ менің натюрмортпен көбірек айналысуымның себебі, біріншіден, натюрморт ол тұрақты. Оған ауа райы әсер етпейді, мен осы заттарға қарап, өз ойымды жеткізе аламын.
Суретшінің бұрынғы туындылары пейзаж жанрында жасалған. Көз тартар бір ерекшелік, суретші картиналарында алманы жиі нысан етіп алады.
Виолетта Вологодская, көрме кураторы:
- Суретшілердің полотноларынан алманы жиі кездестіруге болады. Алма таным символы саналады. Бір қызығы, суретші Ғалым Оспанов алманы әр қырынан өзінше көрсете білген.
«Суретшінің жұмыстары бір көргеннен-ақ көңілге қуаныш ұялатады», – дейді көрмеге келушілер. Картиналардан өмір мен жылылық сезіледі.
Нұржан Сауытбеков, Суретшілер одағының мүшеcі:
- Бүгінгі көрмеде туындылардың әрқайсысы өзінше ерекше. Әр жұмысты мұқият қарасаңыз, өзіндік бір мақсаттар қояды. Мұнда өзіндік бір әдемілік дүниелерді ізденіп жасалынған жұмыстар.
Автор келушілер назарына 53 картинасын ұсынды. Сурет көрмесі маусым айының соңына дейін жалғасады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов.