«Әдемі ханшайымды» көруге келетіндер көп

Әйгілі суретші Леонардо да Винчидің картинасы тұңғыш рет елорда төріне жайғасты.

«Әдемі ханшайым» деп аталатын туындыны кейінгі он күнде 7 мыңға жуық адам тамашалаған. Қазір картина Ұлттық музейде тұр. Түпнұсқа суретті шетелдіктер де көріп көзайым болып жатыр.

Ұлттық музейде әлемге әйгілі картина тұр. Бұл Леонардо да Винчидің – «Әдемі ханшайымы». Бір заманда дәл осы туындыны неміс суретшілері салған деген де әңгіме болған. Бірақ кейінгі зерттеушілер ұлы суретшінің қолтаңбасын тап басып таниды

Құмар Жүнісов, ҚР Ұлттық музейінің халықаралық қатынастар бөлімі жетекшісі:

- Бұл картинаның басты ерекшелігі Леонардо да Винчидің соңғы жылдары табылған соңғы картинасы. 1998 жылы алғаш рет Нью-Йорктағы аукционда сатып алынған картина бастапқы сәтте неміс суретшілерінің картинасы деп болжанған. Алайда сатып алған жеке коллекционер мұны арнайы ғалымдарға көрсетіп зерттетудің нәтижесінде картинаның Леонардо да Винчиге тиесілі екені анықталған.

Көрме жетінші маусымда ашылды. Алғашқы болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамашалады. Содан бері «Әдемі ханшайымды» көруге күніне 700-ден астам адам келеді. Өз бояуын жоғалтпаған сурет көрерменін жалықтырған емес. 

Әйгерім Жұмағұлова, экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі:

- Пергамент қағазға салынған картина. Пергамент – жылы түсті, сарғыш түсті болып келеді. Сол сарғыш түстің бетіне ақ, қызыл, қара түсті борларды пайдаланып салынған картина.

Қайта өрлеу дәуірінің ұлы шебері Леонардо да Винчи өз туындыларын сол қолымен салған дейді. Солақай суретшінің сиқырлы картинасы біздің музейде 4 тамызға дейін тұрады. Әйгілі туындыны алдырып, көрме өткізуге Мәдениет және ақпарат министрлігі мұрындық болған.

Асантемір Қаршығаұлы, Ерлан Наурызбаев, 24.KZ