Қамажайды кім қалай билеп жүр?

Қамажай үнді биі ме? Үкілі қазақ аруын сипаттайтын «Қамажай» биінің қимыл, икемдері Үндістан халқының классикалық биіне ұқсас деген сөз тарады.

Тіпті қазақта би болмаған деген де әңгімелер айтылады. Сөйтіп, бұл біздің биіміз бе, үндінікі ме? Әлде басқа жақтан келді ме? Қазақ би өнерінің символына айналған «Қамажайдың» қазіргі болмысы қандай?

Хайлилайым, лилайым деп басталатын Қамажайдың түп-тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алады. Халқымыз бұл бидің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра дамытқан. Ықылым заманнан бері мәдениеттің мәйекті өзегі саналып келе жатқан төл өнерді бүгінде үнді билеріне ұқсатып жүргендер бар. Қазақ биіне еңбек сіңірген қайраткер Шұғыла Сапарғалиқызы осыған байланысты пікірін айтты.

Шұғыла Сапарғалиқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Қазақта би болмаған, «Қамажай үндіден шыққан», «Қара жорға қазақтың биі емес, моңғолдың биі» деген адамдардың бәрінің, шынымды айтсам, ауыздарына қақпақ қойғым келеді. Өйткені бұл өзіміздің ұлттық құндылығымыз.

Әуелде қос бұрым, шаш сипау, айнаға қарау сынды 3-4 қимылдан ғана құралған «Қамажай» биі бүгінде заманауи бағытта жаңарып, күрделі би элементтерімен толыққан. 

Әсем Исмағұлова, хореограф:

- Қамажай биін 3 деңгейге бөлуге болады. Ол – қыздың кішкентай кезі – айналып билегені; жасөспірім кезі – ортаңғы жас бұл жақта қыздар айнаға қарап, өзіне тамсанып, шашын жинап, шашын өріп деген сияқты қимылдар бар. Қазіргі кезде мысалы ұялу қимылы басқаша қимылдармен қоса өзгертуге болады. Ал бұрын бір орында қимылдаған.

Иә, Қамажай шегінен шықпай, қазақтың ұлттың биі ретінде сақталғаны дұрыс. Ал егер оны көркемдеп билеп жатса, нұр үстіне нұр дейді биші.

Шұғыла Сапарғалиқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Ал енді бүгінгі таңда оның айырмашылығы әрбір билеген бишінің би қоюына байланысты. Сосын бұрынғы сонау 60-жылы биленген Қамажайды алып келіп, дәл сол деңгейде, 60 жылдан кейін қайтта алып шықсақ, аздап басқаша болып көрінеді бізге. Өйткені мына заманның дамуына, қарқынына байланысты оны өзгертіп, мәнерлеп, әсерлеп келе жатыр.

Ең бастысы қазір Қамажайды үйренем деушілер көп. Мысалы, біз барған бір ғана үйірмеде биге қатысушы бала саны 70-тен асады. Олардың бәрі де қимыл қозғалысын Қамажайдан бастап, мың бұрала билеп жүр. Осыған қарағанда қазақтың би дәстүрі үзілмейтініне анық көз жетеді