Бес жүз домбыра жасаған шебер

Таразда екі жылда 500 домбыра жасаған шебер тұрады.

Алмас Байжанов өз шеберханасын былтыр ғана ашқан. Енді шәкірт тәрбиелеп, ұлттық құндылықты ұлықтамақ.

Алмас Байжанов екі жыл бұрын домбыра жасай бастаған. Алғашқыда қызығушылық туындап, кейін кәсібіне айналдырды. Сөйтіп 10 жылын арнаған энергетика саласынан қол үзіп, ұлттық аспапты жасауға ойысыпты. Ол бір жыл бұрын домбыра жасайтын шеберхана ашқан. Шағын несие алып құрылғы мен қажетті материал сатып алған. Мұнысын байқаған мықты шеберлер батасын беріпті.

Алмас Байжанов, шебер:

- Ол кісілер маған қағаздарын беріп, бұрынғы қалған кісілерден ата-бабамыздан қалған домбыраның қыр-сыры туралы мәліметтерді маған берген болатын. Домбыраның бәрі кепкен ағаш болу керек. Домбыраның айнымауы, пернелердің таза шығуы оның беттақтайымен үйлесуі өзінің цифрлық кодтары бар. Меткалары бар. Жасалауы, оны бір рет қарайсың10 рет қарайсың. Кейде жақсы шығып кетеді. Кейде ұзақ шығады.

Алмас домбыра жасауға қайың, жаңғақ пен қызыл ағашты қолданады. Олардан жасалған аспаптың даусы нақ әрі ашық шығады дейді. Ал бетін қазақы ою-өрнекпен безендіреді. Домбыра жасаудағы мақ­сатым – көп ақша табу емес, сапалы ұлттық аспап жасау, дейді шебер. 

Алмас Байжанов, шебер:

- Жақсы домбыра шығу үшін жаның таза болу керек. Адалдық ниетің түзу болу керек. Құдай қаласа, деп домбыраны бастап шын көңіліңді осыған бұрып, ақшаға емес сол сенім білдіріп берген кісіге сенімін ақтап жасап, ниетіңнің бәрін осы бір домбыраға салсаң ол 2 күн 3 күн кетеді.

Көпке танымал «Көне Тараз» күйінің авторы Аман Малдыбаев, Таразда домбыра жасаушылардың көбейіп келе жатқаныны марқаяды. 66 жасқа келген күйші жоғары оқу орнында күй өнерін жастарға дәріптеп жүр. Ұлттық құндылығымызды балаларға жасайынан үйрету керек, дейді қайраткер.

Аман Малдыбаев, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші:

- Ұлттық тәрбиемізді соны жөнге қоятын болсақ, әр отбасында жаңағы балабақшаларда осы халықтың күйіменен, ән-күйін сусындатса еліне деген патриоттығы мысалға, Отан сүйгіштігі алға басады деген ойдамын.

Аядай жерде ұлт үшін ауқымды іспен айналысып отырған Алмас, келешекте цехын үлкейтіп, өнім көлемін арттыруды мақсат етіп отыр.  Ол үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, қайтарымсыз грантқа құжат тапсырмақ.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев