Ақын Ақұштап Бақтыгереева 80 жасқа толды

Қазақтың аяулы ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері, Ақжайықтың «Ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгереева 80 жасқа толды, деп хабарлайды 24kz.

Ойлы жырларымен талай ұрпақты тәрбиелеген ақын әлі де қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамай, қайраткерлігімен үн қосып келеді. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақынды тілшілеріміз құттықтап қайтты.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында қазақ әдебиетіне екі ақын қыз келді. Оның бірі Фариза Оңғарсынова болса, екіншісі Ақұштап Бақтыгереева. Әдебиетте Фаризаны өршіл қолтаңбасы ерекшелесе, Ақұштап ақын поэзияға нәзік лиризмге бай жібек жырлар, суретке толы сырлы өлеңдер алып келді. 

Өтеген Оралбаев, ақын-журналист:

- Әсіресе, мынау сезімді тереңнен беру, адамның жан-дүниесінің әртүрлі құбылыстарын көркемдеп жеткізуіне келген кезде ол өзінің жаңа биігіне шыққан және өзінің биігінде қалатын ақын. Сол баяғы самал сезім, сол баяғы жүрек қуанышы, сол баяғы жүрек түкпіріндегі мұң мен сағыныш, әлі сол күйінде жалғасып келе жатыр.

Ақұштап – бесігін тербетіп отырып, қоғамның жайына алаңдаған ақын. Шаңырағына, босағасына, ошағына, ұлтының ертеңіне жауапты қыз тәрбиесі, ана махаббаты ақын шығармашылығының діңгегіне айналды.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Ақұштап ақын: «Егемендікті көрсеткен, еркіндіктің дәмін татқызған тағдырыма ризамын», - дейді. Шүкір етеді. Бірақ ақын жүрек әлі де алаңдайды.

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

- Әрине, елдің ертеңі алаңдатады. Әсіресе, қазақ қыздарының бүгінгі бағыты мен тәрбиесі, қазақ қыздарының ертеңі, осы бір қазақ қыздары ұлтты ұстап қала ма деген нәрсе менің о бастағы тақырыбым да, жүрегімді ауыртатын да, мазалайтын да сұрақ осы.

Әйел – жанындағы азаматымен сәнді, бағалы. Ақұштап апаның отбасылық өмірі де көпке үлгі. «Жарты ғасырдан астам уақыт бойы, бір шаңырақ астындағы жарасымды өмір сүрудің сыры сыйластықта», - дейді ақын апа. Айтпақшы, өмірлік жолдасы Ғабдрахим аға екеуі алғаш Фариза Оңғарсынованың шаңырағында танысыпты.

Ғабдрахим Жаңбырбаев, ақынның жары:

-Талантта ғой, ол талант болмаса қандай қолдау болса да шаба қою оңай шаруа емес қой. Қасында бірге жүрдім, бірге болдым, қолымнан келген жақсылығымды жасадым, ол енді әрбір азаматтың міндеті деп ойлаймын, мен емес қазақ азаматының.

Ақұштап Бақтыгерееваның бүгінге дейін бірнеше жыр жинағы оқырман қолына жетті. Соңғы уақытта ана жүрегі, аналық махаббат жырлары жинақталып, қайта басылып шықты. Сондай-ақ түрік тіліне де аударылды. Ал, ақынның жақында жарық көрген «Менің Фаризам» атты эсселер жинағы сүбелі туынды, тың дүние. Шығармашылығында сүйіншілейтін тағы бір жаңалығы бар.

Ақұштап Бақтыгереева, ақын:

-Кешегі 86-дағы жағдайда сөйлеген, «Мен қазақпын» деп жырлаған, бізді өсірген ұлтты сүюге тәрбиелеп, өзінің жырымен Жұбан Модағалиев ағама арналған жырларым бар еді. Соны жиынтықтап, драма жазып, соны Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы театр қойып, соны менің 80 жасыма ұсынғалы отыр.

Ақынның қаламы әлі қуатында. «Енді жиырмасыншы ғасырдағы ақын-жазушыларымен бірге болған күндердің естелігін жас ұрпаққа жеткізсем», - дейді ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон