Көшпенділер ойындары аясында 100-ден астам мәдени іс-шара өтеді

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени бағдарламасы аясында 100-ден астам іс-шара өтеді.

Осы мақсатта елордада 10 гектар аумақты қамтитын этноауыл ашылған. Мұндағы әр күн қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлерін көрсететін «Шаттық керуені» атты шерумен басталады. «Өнер ордасы» басты сахнасында күн сайын елдің түкпір-түкпірінен келген үздік аймақтық ұжымдардың концерті өтеді. Мұнда этнофольклорлық ансамбльдер, қазақ ұлттық оркестрлері, солистер және би ұжымдары дәстүрлі этникалық стильде өнер көрсетеді. Ал этношатыр алаңында қолөнер шеберлерінің жұмыстарын көре аласыз. Сондай-ақ, Айтыс музыкалық-поэтикалық сайысын тамашалауға мүмкіндік бар.

Мейірбек Саламатов, айтыскер-ақын:
- Біздің Қазақстанның әр өңірінің өзінің мәдениеті, тарихы, өнері бар. Соларды насихаттап, паш ету мақсатында осы үлкен мәдени шаралар ұйымдастырылып жатыр. Маңғыстау облысынан осы Астана қаласында өтіп жатқан Көшпенділер ойынына айтыскер ақын ретінде келдім. Бұйыртса осы Көшпенділер ойынына атсалысып, Абай облысының ақынымен айтысатын боламын.