Димаштың концертіне 80 елден көрермен келді

Қазақстанның халық әртісі, ән әлемінің жарық жұлдызы Димаш Құдайбергеннің елордадағы концерті аншлагпен өтті, деп хабарлайды 24KZ.

30 мыңға тарта адам сыятын «Астана Арена» стадионы 2 күн бойы көрерменге лық толды. Әлемге әйгілі өнерпаздың бірегей дауысын есту үшін жаһанның 80-нен астам елінен 10 мыңға тарта жанкүйер елордаға арнайы ат басын бұрған.

Димаштың «Stranger» атты жеке концертін ұйымдастыруға 200-ден астам кәсіпқой маман атсалысты. Сонымен қатар 300-ден астам адамнан тұратын халықаралық өнерпаздар тобы өнер көрсетті. Олар Қытай, Ресей, Камерун, Гана, Уганда, Мексика секілді алыс-жақын елдерден келді. Димаш 3 сағат бойы тек жанды дауыста ән шырқады.

Сауалнама:

- Түркияның әдемі Ыстамбұл қаласынан келгенбіз. Астанаға екінші рет баруым. Ең алғашқы рет 2019 жылы Астана «Нұр-Сұлтан» болғанда Димаштың концерті болды. Сол концертке бардық. Енді екінші концертке келдік. Мен 2019-да Түркияға қайтқанда қазақ тіліне деген қызығушылығым ашылды. Солай үйрене бастадым. Димаштың әндері, сұхбаттары арқылы үйрендім.

- Біз бүгінгі керемет кешке Канададан келіп отырмыз. Бұған дейін 2019 жылы Астанадағы және 2022 жылы Алматыдағы концертке келдім. Димаштың 10-15-ке жуық әнін білемін. Қазақ жігіті француз әнін орындағанда таңғалдым. Содан бері оның әндерін тыңдап келдім.

- Мен Испаниядан Димаш Құдайбергеннің концертіне арнайы келдім. Оның дауысы мен әнді орындау мәнері ерекше. Димаштың шығармашылығы жастардың бойында өнерге деген жаңа көзқарасты қалыптастырды деп айта аламын.