Б.Құранбектің идеясымен түсірілген «Ұстаз» фильмі көрерменге жол тартты

Жетісу облысында марқұм Бейсен Құранбектің идеясы негізінде «Ұстаз» атты фильм түсірілді.

Қалың көрерменге жол тартқан туындының сценариін белгілі журналисттің жары Гүлмира Зербай жазған. Ал режиссері Ерлан Ошақбай. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен жарыққа шыққан кинокартина қаладан өз ауылына қайтып, ұстаздық ете бастаған жас математик төңірегінде өрбиді. Жаңашыл мұғалім балаларды сабаққа қызықтыру үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Психологиялық көмек көрсетіп, арман-мақсатына жетуге талпындырады. Сол арқылы 11-сынып оқушыларын тестілеуге дайындайды. Мектеп бітіруші түлектерге сынақ маңызды болғанымен өмірде өз орныңды табу, одан да маңызды екенін ұғындырады. Қарапайым қарым-қатынас, адамгершілік пен сыйластыққа құрылған фильм ұлағатты ұстаз мәртебесін көтеруді көздейді.  

Аяулым Нұрланова, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Фильм өте жақсы өтті. Қазіргі заман балаларына нағыз көретін фильм жақсы өтті. Ұнады. 

Гүлмира Зербай, сценарий авторы:

- Осы ұстаздың тұлғасы арқылы біз мұғалімнің бойында болу керек жақсы қасиеттерді көрсеткіміз келді. Сол арқылы балаларды тәрбиелеуге, жақсы жолға бағыттауға оларға бір жағынан көмектесуге болатынын көрсеткіміз келді.