«Астана Опера» сахнасында Майра Мұхамедқызының шығармашылық кеші өтті
«Астана Опера» сахнасында Майра Мұхамедқызының шығармашылық кеші аншлагпен өтті.
Ауқымды концерт өнер иесінің 30 жылдық мерейтойына арналған. Көрерменге әлемдік және ұлттық репертуардағы шығармалардан бірегей бағдарлама ұсынылды. Шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.
30 жыл киелі сахнаға адалдық. Майра Мұхамедқызы аңызға айналған операларда басты партияларды орындап, көрермен жүрегінде өшпес із қалдырды. Опера жұлдызы Париждегі «Опера Гарнье» театрында ән салған жалғыз қазақ. Өнер иесінің шығармашылық концертіне әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлері мен достары жиналды. Мерекелік кешке Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
Майра Мұхамедқызы, ҚР Мемлекеттік сыйлық иегері, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
- Осы сахнада өнер көрсеттім. Бұл менің екінші үйім десем болады. Осы сахнада біраз күрделі операларды айттым. Сондықтан театр акустикасы, аурасы бөлек.
Сондай-ақ, Майра Мұхамедқызының мерейтойында өзге де шығармашылық топтар өнер көрсетті. Мәселен, Шымкент опера және балет театры концертке арнайы келген. Осылайша үлкен қойылымға симфониялық оркестр, екі театрдың хоры, балалар ұжымдары және «Астана Опера» балет труппасының жетекші солистері қатысты.
Майра Мұхамедқызы, ҚР Мемлекеттік сыйлық иегері, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
- Шымкенттен 60 адам келдік. Хор 80 адам. Оркестр 100. Бәрін қосқанда 500-дей бар-ау. 30 жылдағы бұкіл өмірің көз алдыңнан өтіп жатқандағы сезімді сөзбен жеткізу өте қиын. Шымкент опера театрының «Турбадор» операсыменен 1 операның үзіндісін көрсеткім келді.
Көрнекті финалда Майра Мұхамедқызы «Домалақ Ана» операсынан үзінді орындады. Қырық жыл бойы ол музыка арқылы көрермендерге өзінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның тарихын таныстырып келеді. Еңбек сіңірген әртіс көптеген марапаттардың иегері және беделді сыйлықтардың лауреаты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның мәдениетке қосқан үлесін атап өтіп, оған гүл шоқтарын жолдап, Майра Мұхамедқызын және барлық өнерсүйер қауымды құттықтады.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Диас Ковланбаев