Қазақ мемлекеттік филармониясы Өзбекстанда концерт берді

Ташкентте Еркеғали Рахмадиев атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы концерт берді.

Рухани кеш «Достық жыры» деп аталды. Түркістан сарайында ұйымдастырылған іс-шараға қазақтың классикалық туындыларын жетік меңгерген ұлт аспаптар оркестрі мен еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері қатысты. Олардың арасында белгілі күйші Анар Мұздаханова, әнші Светлана Айтбаева және дирижер Айтқали Жайымов бар. Сондай-ақ халықаралық байқау лауреаты мен мәдениет саласының үздіктері өнер керуенінен қалыс қалмады. Кешке Өзбекстанның түкпір-түкпірінен көрермен жиналды. Күмбірлете күй төгіліп, әуелете ән шырқалған концерт мемлекеттік филармонияның бауырлас мемлекеттермен мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздейді. Алдағы уақытта өнерпаздар көршілес басқа да елдерге сапарлап, қазақтың ән-жырын насихаттауға ниетті.

Светлана Айтбаева, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Ықылас деген керемет. Ілтипат, қошеметтерінен, көзқарастарынан сезіп тұрмыз. Шын мәнінде бұл өнерге деген құрметтің, сыйластықтың көрінісі деп ойлаймын. 

Айтқали Жайымов, дирижёр, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Жоспарлап жүргенбіз өзіміз бауырлас елдерге келуді. Ташкенттен бастап жатырмыз. Концертіміздің аты «Достық жыры» деп аталады. Сондықтан біздің классикалық композиторларымыздың шығармаларын алып келдік. 

Сабыржан Сейілханұлы, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің басшысы:

- Бұл жерде өнерде шекара болмағаннан кейін кәсіби деңгейде жұмыс істеп жатқан әртістер тек Орталық Азияда емес, басқа да шет мемлекеттерде, Еуропада барлық концерттерін беріп жүрміз. Енді алдағы уақытта Қытай халық республикасына жолға шығамыз.