Мәскеуде қазақ мәдениетінің күні өтті
Мәскеуде бейбітшілік, достық және келісім фестивалі аясында Қазақ мәдениетінің күні өтті.
Іс-шара аясында ұлттық биден, домбыра тартудан және ою-өрнек жасаудан шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Тоғыз құмалақ, асық, бес тас ойындары бойынша сайыс өтті. Мереке қазақтың халық әндері кешімен қорытындыланды.
Ресейде ұлттық болмысты сақтап, дәстүрді дәріптеп жүргендердің бірі Майра Абдрахманова. Ол биылдан бастап балалар мен ересектерге арналған домбыра тарту үйірмесінде мұғалім. Үйренуге ниет білдіргендердің қарасы қалың дейді ұстаз.
Майра Абдрахманова, ұстаз:
- Сұраныс өте жоғары болады деп күтпеп едім. Домбыра сабақтарына келіп жүргендердің арасында тек қазақтар ғана емес, орыстар да бар, белорустар да бар. Тіпті бір отбасынан бірнеше адам сабағыма қатысып жүр.
Мәскеу ұлттар үйінде өткізілген іс-шарада тоғыз құмалақ, асық, бес тас сияқты ұлттық ойындарымыз балаларға көрсетіліп, дәріптелді. Дегенмен, ересектер үшін де ойын-сауық кешіне ұласты.
Айшат Байғазиева, Мәскеудегі қазақ ұлттық-мәдени автономиясының басқарушысы:
- Арамызда қазақ халықтары мен басқа ұлт өкілдері ұлтымыздың құндылықтарын көріп, үйреніп жатыр.
Гүлмай Хамеденова, қатысушы:
- Біздің тіліміз бен мәдениетімізді тек қазақ еліне, қазақ азаматтарына ғана емес, басқа диаспоралардың өкілдері келіп, біздің мәдениетімізге сүйіспеншілікпен қарап, танысып жатыр.
Қызығушылық танытқандарды Қазақ ұлттық мәдени автономиясы аптасына бір рет өтетін қазақ тілі мен домбыра сабақтарына тегін қатысуға шақырады.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров