Марат Бисенғалиев студенттермен бірге концерт берді

Әлемге танымал скрипкашы, дирижер Марат Бисенғалиев Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының камералық оркестрімен бірлесіп концерт берді.

Алғаш рет ұйымдастырылған музыка мерекесі білім ордасының мерейтойына арналды. Болашақ музыкантшылар концертке дейін бірнеше күн Марат Бисенғаливтің шеберлік сабағына қатысып, әлемге танымал музыканттың дәрісін тыңдады.

Гауһар Тасбергенова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық  консерваториясының  ректоры:

- Біздің студенттеріміз үшін бұл нағыз мүмкіндік, баға жетпес тәжірибе. Шеберлік сабақтарына сондай-ақ, музыка мектептерінің оқушылары, колледж студенттері де қатысты. Музыка әлемін бағындырған Марат Бисенғалиев сияқты тұлғалардан үйрену, бірге өнер көрсету әр музыканттың арманы деп ойлаймын. 

Концертте британдық композитор Карл Дженкинстің Марат Бисенғалиевке арнап жазған шығармалары орындалды. «Палладио» атақты шығарма болғанымен оның екінші, үшінші бөлімдерін ешкім орындай бермейді. «Сондықтан концерттің бірегей бағдарламасы көп көрермен үшін жаңалық болды», - дейді маэстро. Концертте аралас хор, сондай-ақ этно-музыканттар классикалық және ұлттық әуендердің үйлесімін көрсетті.

Марат Бисенғалиев, скрипкашы, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры:

- Менің ойымша, біз бір толқында жұмыс істей алдық. Жалпы, дирижерсіз ойнау қиын. Байқасаңыз, мұнда дирижер болған жоқ. Тек, олармен бірге жан тәнімен музыка орындаған көшбасшы болды. Мұның өз артықшылығы бар. Музыка тілі арқылы түсінісу, энергия алмасу. Оркестрмен арада осындай байланыс болды деп ойлаймын.