«Қажымұқан» фильмі: басты рөлдегі актер қимылдарды дублерсіз жасап шықты
«Қажымұқан» фильмінде басты ролді ойнау үшін мамандар әзірлеген арнайы рационмен тамақтануға тура келді. 1,5 жыл тауық етінен басқа еттен бас тарттым». Палуанның бейнесін көрерменге жеткізген актер Ербол Төлепберген осылай дейді.
Ербол да – алып күш иесі. Оның бойы – 2 метр 10 сантиметр, салмағы – 118 келі. Өзі Өнер академиясында актерлік шеберліктен сабақ береді. Кинокартина Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілді. Бір қызығы, кинода палуан Қажымұқанның жас кезін Ерболдың туған інісі Диас Төлепберген ойнайды. Ағайынды актерлер бір рөлге кездейсоқ таңдалыпты.
Бітімі бөлек Ербол Төлепберген кастингке келгенде фильмге таңдалған актерлердің ішінен өзінің інісі Диастың да фотосын көріп қалады. Режиссер екі актердің тегіне емес, болмыс-бітіміне мән берген екен.
Осылайша, ағайынды алыптар Қажымұқан палуанның жас кезі мен егде тартқан шағын ойнап шығады. «Білек күші сынға түскен сахнаны түсіру оңай болмады», – дейді актер.
Ербол Төлепберген, актер:
- Саракикиді өзіміздің әріптесіміз Әшім Ахметов ойнады. Ол да – алпауыт жігіт. Бір-бірімізді көтеріп, түсіріп, қайта-қайта дубльдан-дубль жасау өте қиын. Біз ол сахнаны кем дегенде 4 күн түсірдік. Шаршап қалып жатырмыз, күш жетпей жатыр, бірақ 4 күнде бар күшімізді салып, әйтеуір бітіріп шықтық. Ең ұзақ сахналардың бірі болды.
«Қажымұқан» фильмінің прокатқа шыққанына бір аптаға жуықтады. Кинозалдан палуан бабасының рухын сезініп шығып жатқан жеткіншектер өте көп. Олар енді суперменге емес, Қажымұқанға еліктейді. «Бұл біздің әу бастағы мақсатымыз еді», – дейді фильмнің режиссері Қанағат Мұстафин.
Үлкен-кіші көрермен актерлердің шебер ойынына тәнті. Бас кейіпкердің образын аша алатын актерді табу оңайға соқпапты.
Қанағат Мұстафин, фильмнің режиссері:
- Ең қиыны кастинг болды. Өйткені мен жаңағы кастинг директоры Майра Абдибаеваға бойы метр 95-тен ұзын актер болу керек деп талап қойғанмын. Өйткені Қажекеңнің бойы 1,94 болған. Спортшылардың да арасынан да іздей бастадық. 6 ай бойы 2 мыңдай жігітті қарадық. Сөйтіп осы Жүргеновтің студенті Диас және Ербол Төлепберген екеуі кастингтен өтті.
Фильм 1,5 жыл түсірілген. Осы уақыт бойы дене бітімін сақтау үшін Ербол мамандар әзірлеген арнайы рацион бойынша тамақтанған. Тіпті ет жеуге шектеу қойылыпты. Бұлшық етін өсіру үшін бодибилдингпен айналысып, жаттығу залында көп тер төккен. 2,5 ай каскадерлік тәсілдерді үйреніп, фильмде дублерсіз барлық қимылдарды өзі жасап шықты.
Ербол Төлепберген, актер:
- Мұндай титанды сомдап шығу мен үшін ерлік болды. Ең басында қорқыныш болды. Кейін ол қорқынышты жеңіп, ойнап шықтым.
Картина Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржысына түсірілді. Әлі талай уақыт прокатта болады. Фильмнің жабық көрсетіліміне арнайы шақырылған палуанның ұрпағы Бақытжан Қажымұқанов: «Атамды көргендей болдым», – деп ризашылығын білдіріпті. «Көрерменнің алғысы бәрінен қымбат», – дейді актер.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов.