Түркі елдеріне ортақ телеарна ашылуы мүмкін

Бүкіл түркі дүниесіне ортақ телеарна ашу жоспарда бар. Бұл туралы Алматыда өткен IV халықаралық түркітілдес журналистердің медиафорумында айтылды.

Оған қоса, жиында түркі елдеріндегі туризм және PR, геосаяси ахуал және медианарық, жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалы, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту жолдары талқыланды. Шараның ұйымдастырушысы – «Түркілдес журналистер қоры».

Туризм – мемлекеттің экономикасын дамытатын басты саланың бірі. Бұл бағытта медианың алатын орны ерекше. Медиафорумға қатысушылар осы тақырып төңірегінде ой қозғады. Мәселен, түркі әлемінде туризмді дамытудың бірлескен стратегиясын әзірлеу мен инфрақұрылымды дамытуға инвестициялар тарту мәселелері талқыға түсті. Осыған сәйкес алдағы уақытта түркі дүниесіне ортақ телеарна ашу жоспарланып отыр.

Нәзия Жоямергенқызы, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті:

- Қазақстан тарапынан 5-6 жыл бұрын түркі елдері арасында телеарна ашу туралы ұсыныс көтерген болатын. Түркі мемлекеттерінің ұйымы осы бойынша жұмыс істеді. Ең басты мәселе – ортақ телеарна көп ұзамай жүзеге асады деп ойдамыз. Бұл Euronews тақырыбында түркі елдеріндегі қағамдық, экономикалық мәселелерді қысқаша ақпарат беріп отыратын форматта болады деп жоспарланған.

Аднан Өзтүрік форумға Германиядан келді. Ол да басқа қатысушылар сияқты мұндай басқосулар өте қажет деп санайды. «Түбі бір түркі халықтарының тарих, руханият, өнер, экономика мен саясатын насихаттау жолдарын бірге талқылаймыз», - дейді.

Аднан Өзтүрік, Öztürk газетінің бас редакторы:

- Біз түркі мемлекеттері арасындағы медианы дамытуға қатысты мүмкіндіктерді бірге қарастырсақ дейміз. Мен өзім аймақтық баспасөзді дамыту жайын көтердім. Әрине, туризмді өркендетуде БАҚ-тың ролі зор. Осыған орай әріптестерімізбен бірге медиа саласының соның ішінде түркітілдес журналистердің кәсіби біліктілігін көтеру мәселелерін көтердік.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің де айтуынша, отандық туризмді насихаттауда ақпарат құралдарының иығына артылған жүктің салмағы жеңіл емес. Бұл туралы аз айтылып жатқан жоқ. Дегенмен, елдің туристік әлеуетін арттыру үшін алдымен бірнеше өңірді іріктеп алып, қаржыны сол аймаққа құю керек деп санайды.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Қазақстанның 6-7 өңірін алатын болсақ, Алматы, Жамбыл, Қызылорда Түркістан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан. Сосын жалпы барлық қаражатты әр өңірге шашып жұмсай бермей, осы 6-7 пилоттық бағытпенен бірінші деңгейін көтеріп алсақ. Осыларды дамытып алсақ, осыларды өте үлкен деңгейге көтеріп алғаннан кейін содан түсетін қаражаттарды басқа өңірлердің туризмін дамытуға жұмсасақ деген ұсынысты айтып жүрмін.

Дипфейкті ажырату, әлеуметтік желілердің журналистикаға ықпалы, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері пленарлық отырыстың басты тақырыбы болды. Форум бірнеше жылдан бері түркі әлемі медиасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келеді. Осы аралықта қазақ журналистерінің кәсіби біліктілігін шыңдауға септігін тигізді. Шара алғаш рет Стамбулда бастау алған. Одан кейін Алматыда өтіп келеді. Ал, келесі жылы түркітілдес журналистер Бельгияның Брюссель қаласына жиналады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев