Бильярдтан Шөмішбай Сариев атындағы республикалық турнир өтті

Алматыда бильярдтан қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Шөмішбай Сариев атындағы республикалық турнир өтті.

Игі шараға Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов бастаған өнер адамдары, ақын-жазушылар мен жалпы жиыны 32 адам  қатысты . Турнирдің өтуіне Ғабит Мүсірепов атындағы қор мұрындық болды. Ондағы мақсат Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевті еске алу. Ақын «Сәлем саған, туған ел!», «Домбыра», «Қарағым-ай», «Сарыарқа», «Аралдан ұшқан аққулар», «Атамекен-ай», «Үкілі домбыра» және басқа да танымал әндердің сөзін жазған. Одан бөлек өткен ғасырдың ортасындағы қазақ поэзиясы туралы диссертация қорғаған. Онда Мұқағали Мақатев, Төлеген Айберген, Жұмекен Нәжімеденов, Сағи Жиенбаев, Қадір Мырза Әлидің еңбектерін ғылыми негізде зерттеген. Ал жарыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ғабиден Жәкей, Ғ.Мүсірепов атындағы республикалық қордың төрағасы:

- Қай турнир болсын Қонаевтың, Мұқағалидің осы Шөмішбай ағамыз қатысып, жүлделі орындарды алып жүрді. Өзінің бір өмірлік серігі сияқты болды. Сондықтан осы Ғабит Мүсірепов атындағы қор осыдан бір жыл бұрын жеңгемізбен келісіп, рұқсатын алып бүгін осы сәті түсіп үлкен турнир болып отыр. 

Бауыржан Жақып, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы:

- Бұл бір Шөкеңді еске алу кеші деп айтуға да болады, басқаша форматта. Осы жерде Шөмішбай ағамыздың поэзиясы туралы айтылады. Ол ең алғашқы классикалық өлеңі «Көлеңке» деген өлеңімен келіп еді қазақ поэзиясына. Шөмішбай ағамыздың сөзіне жазылған әндер айтылып жатады. Рухты әндер, қазақтың рухын көтеретін әндер. Сондықтан рухы шат болсын ағамыздың.