Отандасымыз Оңтүстік Кореяның беделді сыйлығына ие болды
Алматыдағы Корей театрының көркемдік жетекшісі Любовь Ни Оңтүстік Кореяның беделді сыйлығына ие болды, деп хабарлайды 24KZ. Ол Ян Хе Сук атындағы премиясына лайық деп танылды. Сыйлық көлемі 1 миллион 785 мың теңгеден асады. Марапат корей дәстүрлі мәдениеті мен мұрасын дамытуға және жақсартуға үлес қосқан адамдарға беріледі. Ол биыл халықаралық корей театр қауымдастығын басқарған 88 жастағы Ян Хе Суктың құрметіне тағайындалған.
Любовь Ни Алматыдағы республикалық мемлекеттік академиялық корей театрында 1997 жылдан бері жұмыс істейді. 2015-2017 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болған.
Сон Хён Джон, Сеул қаласы мәдениет басқармасының басшысы:
- Мен бір ай бұрын Қазақстанға барып, Алматыдағы корей театрында болдым. Бұл театр 90 жыл бойы корей мәдениетін сақтап, жеткізіп келеді. Ұжым корей халқының дәстүрлерін би мен ән арқылы жалғастырып отыр. Бұл мені театр басшылығын сыйлыққа ұсынуға шабыттандырды. Театрдың жұмысымен танысқан Ян Хе Сук сыйлығының атқарушы комитеті Любовь Нидің еңбегін жоғары бағалап, оған арнайы марапат тағайындады.