Алматыда Түркі дүниесі жастарының форумы өтіп жатыр

Түркі әлемі жастарының бірлігін күшейту қажет. Бұл бауырлас елдердің қарым-қатынасын нығайтып, қарқынды дамуына мүмкіндік береді. Алматыда алғаш рет өткен Түркі дүниесі жастарының форумына қатысушылар осылай дейді. Шараны ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Форум түркітілдес халықтар арасындағы мәдени, ғылыми ынтымақтастықты жақсартуға мүмкіндік береді. Жиынға 25 мемлекеттен 200-ге жуық жас келді. Олар көңіл көкжиегін кеңейтетін сұхбат құрып, ой-пікірлерін ортаға салды. Әрқайсысы өз елінің салт-дәстүрі мен мәдениетінен хабар беретін жобаларды таныстырды. Іс-шара аясында шетелдік меймандар Алматының көрікті жерлерін де аралап, туристік әлеуетінен хабардар болды.

Абай Мұратұлы, форумға қатысушы:

- Моңғолиядан жалпы бір қазақ азаматы және кіші ұлттардан халтун деп айтамыз, тува, саха, кіші ұлттардан жастар келіп қатысып жатырмыз. Барлығы 7 азамат. Бұл форумға мәдениет жағынан ұлттық аспап, би, мәдени шараларымызды алып келдік. Моңғол қазақтары не істеп жатыр? Мәдениетін, тілін қорғау жайлы шараларды таныстырдық. Оның өзі басқа мемлекеттерге ерекше болды деп ойлаймыз.