Кинорежиссер Талғат Теменов 70 жасқа толды

Ләйлі мен Мәжнүн. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу.

Төлеген мен Қыз Жібек. Адал махаббатың символына айналған осы ғашықтардың қатарына көпшілік Гүлнәз бен Оралды да қосады. Кезінде қазақ киносын дүр сілкіндірген "Махаббат бекеті" фильмінің жарық көргеніне отыз жылдан асыпты. Ал туындыны көгілдір экранға шығарған Қазақстанның халық артисі, белгілі режиссер Талғат Теменов дәл бүгін 70 жасқа толып отыр.

Көп оқу, көп іздену Талғат Теменовтың қанына сіңген қасиет. Бала кезден көргені де сол еді. Әке-шешесі ұстаз, ауылға сыйлы азамат болған. Қаршадайынан қағаз бен қаламға үңіліп өскен Теменов өнерге ерте ғашық болады. Қазақтың қара сөзінен өлең өріп, жазуды серік етті. Шалқар шабыт үстінде "Таң нұры", "Гүлназ" атты кітаптары жарық көрді. Жүрегін жарып шыққан туындылардың көпшілігін өзі кейін көркем фильмге айналдырды. Ал тұңғыш тырнақалды туындысы "Торо" деп аталады. Оның қазақ киносындағы алғашқы қадамдарынан жарқ еткен жаңалық сезілді, дейді әріптестері.

Оралбек Сарбасов, режиссер:

- Негізі Талғат әлгі маң-маң басқан, маң басқан, төрт аяғын тең басқан нағыз өнер қайраткері. Өйткені ол өзі режиссер, өзі актер, өзі прозаик. Драматургиядан жақсы хабары бар, сценарийлерін де өзі жазады. Спектальдерін де өзі жазады. Жалпы оның өнер саласында алмаған баспалдағы қалмаған шығар енді. Бұл кісіге продюссердің де керегі жоқ. Бастаған жұмысын басынан аяғына дейін өзі алып шыға алады.  

Кино және театр әлемінің тұғырлы тұлғасы әу баста философ болуды армандағанын айтады. Алайда оқуға түсе алмай, ойда-жоқта өмір оны өнерге өзі жетектеп әкеледі. Алматы мемлекеттік конверваториясында театр актері мамандығын меңгерген. Білімін жетілдіру мақсатында Мәскеуде болады. Ол жақта кино мэтрі Сергей Соловьевтің тәлімін алды. Сегіз қырлы, бір сырлы қайраткер математикаға да жүйрік. Ұлағатты ұстаз Майра Амантаева шәкірті жайлы осылай дейді.

Майра Амантаева, Т.Теменовтің ұстазы:

- Шустрыйлығы соншалық, кейде мен тақтаға формулаларды жазып жатсам, сол кезде кішкентай фотоаппараты бар. Сол фотоапапатымен мені артымнан суретке түсіріп, былай да түсіреді. Сосын айттым, балам болмайды, сабағыңды жақсылап оқы.  Содан бір күні қарасам, бітіргеннен кейін математик болмай, өнерге бет бұрып. Сол жақтан өзінің бақытын тапты. Халқына елеулі, еліне қалаулы азамат болып жатыр. 

"Адамдар арасындағы бөлтірік", "Қайдасың, Шапай", "Қызғыш құс", "Махаббат бекеті". Бүгінде көгілдір экраннан талант иесінің 10-нан аса көркем фильмі көрсетіліп жүр.

Ол театр өнерінде де үлкен қолтаңбасын қалдырды. Небір көкірекке ой салар, көзді құмартқан дүниелер жасады. Десе де, Талғат Теменов дегенде көк жәшіктегі балалар бейнесі елестейді. Себебі ол бала актерлерінің галереясын қалыптастырған аса дарынды режиссер. 

Талғат Теменов, Қазақстанның халық артисі, кино және театр режиссері:

- Қазір қолымда 2 сценарий тұр. Ұлы Мұхтар Әуезовтың "Қарагөзі" бойынша "Айқарагөз" дейтін сценарийім дайын. Екіншісі балаларға арналған мюзикль.Қазақ киноасының тарихында  мюзикль түсірілген жоқ. Музыкалық фильмдер болды. "Қощ бол, Медеу" кешегі "Дос-Мұқасан", "Тақиялы Періште". Ал мюзизкль түсірілмептіпті. Біз бүгінгі ұрпақ болашаққа не қалдырамыз?! Нені мақсұт етеміз.Бала-шағамызға мына табиғатымыздан басқа, өндірістен басқа, байлығымыздан басқа тағы не қалдырамыз?! Міне, бүгінгі қоғамның алдындағы мәселе осы.

Иә, Талғат Теменовтың әр филімінде сезім сыңғырлап тұрады... Оның өз көрермені бар. Философ димпломы болмаса да, пәлсапалық ойлары қағаз бетіне әлі талай шиыршықталып түсе берері анық.

Назерке Тоқжан, Диас Қобланбаев