«Яшлык» ансамбліне елу жыл толды
Қазақстанның музыка мәдениетіндегі ерекше орны бар «Яшлык» вокалды-аспаптық ансамблінің құрылғанына 50 жыл толды.
Ұлттық музыканы халық аспаптарымен үйлестіріп, жаңа өңдеумен ұсына білген топтың әндері әлі де тыңдарманның құлағында. Шығармашылық ұжым Алматының төрінде мерейтойлық концерт беріп, көрерменмен тағы қауышты.
Музыкалық топ 1974 жылы сәуір айында құрылған. Алғаш рет ұйғыр театрының сахнасында концерт берген ансамбльдің әндері халық арасына тез таралып, танымал болды. Әсіресе эстрадаға бейімдеп айтқан ұйғырдың халық әні «Әппақ қояндар» әні тыңдарманның ыстық ықыласына бөленеді. Бұл ән кейін топтың «төлқұжатына» айналды. Танымалдықтың сыры ұлттық музыканы дәріптеп, оны тыңдарманға жеткізе білуімізде, дейді топ мүшелері.
Ялкунжан Шамиев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Репертуар дегенде неге Яшлык солай популярный сондай ансамбль болды десе, негізі біз халық әндерімен келіп, Қазақстан композиторлары, кейін түркітілдес, түріктер, әзербайжан, өзбектер, қырғыздардың әндерін біз айтқанбыз. Қазіргі күнде біз енді көрермендерге сол байлықты біз жинап, өнерімізді көрсетейін деп келдік.
Мерейтойлық концерттің бағдарламасы да ерекше. Көрермен сағынышқа айналған әндерді сүйікті әншілерімен бірге шырқап, алыста қалған жастық шақтарын еске алды. Саханада топтың негізін қалаған Мұрат Ахмадиев, Қаһарман Именов, Ялкунжан Шамиев, Гүлбахар Ахмадиева өнер көрсетті. Сондай-ақ жарты ғасырдан бері өнерде бірге жүрген әріптестерімен дует орындады.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық артисі:
- Ол кезде барлығымыз жас болдық, жаңа бастаған артистер болдық. Бізді халық өте жақсы көрді, біздің барлық концерттеріміз, вокалды-инструментальды ансамбльдердің барлығы аншлагпен өтетін, себебі халық жақсы көрді. Шын жүректен ансамбльді құттықтаймын, әлі алда талай еңбек бар.
Өнер әлемінде жүргеніне жарты ғасыр болса да көрерменін жоғалтпаған ансамбльдің әлі де берері көп. Өнер ұжымына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табыс етілді. «Яшлык» ансамблінің Алматыдағы мерейтойлық концерті бүгін де жалғасады.
Гүлжан Көленқызы