Алматыда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы болады
Ертең Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» атты туындысының премьерасы өтеді, деп хабарлайды 24KZ. Қойылымды сахналауға танымал итальян режиссері Давиде Ливерморе арнайы шақырылған. Туындының сюжеті Алтын Орданың құрылу тарихына негізделген.
Тарихты сахналау таңсық болмағанымен, ұлттық опера деңгейінде көрсету оңай шаруа емес. «Айлар бойы тер төктік», – дейді шығармашылық ұжым. Ұлттық операның ең басты ерекшелігі, музыкасында оркестр орындамайтын плэйбек технологиялар қолданылған. Яғни, классикалық өнер заманауи стильмен астасқан.
Хамит Шанғалиев, композитор:
- Студиядан шықпай, жұмыс істеген кездерім болды. Басында өз қолтаңбамды іздеп, көп қиналдым. Бірақ уақыт өте келе, Бөрте, Хан Сұлтан, Жошы, Шағатай сияқты кейіпкерлер маған жақын бола түсті. Мен оларды сезіндім. Олар менімен бірге студияда жүргендей әсер алдым. Содан кейін-ақ музыка жақсара түсіп, әр образға жол таптым.
Ұлттық операның басты кейіпкері Жошы ханның әйелі, Алтын Орданың билеушілерінің бірі Берке ханның анасы – Хан Сұлтан. Көрегендігінің арқасында Алтын Орда тарихында маңызды тұлғаға айналады. Өзін де, ұлдарын да Жошы ұлысындағы басты қайраткерлердің қатарына қосқан әйелдің ақылдылығы, қайсар мінезі суреттеледі.
Айнұр Көпбасарова, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры:
- Әйел образын неге таңдап алдық? Мысалға, ер азаматтар туралы тарихта нақты деректер өте көп. Ал әйел образының жан-жағында тарихи деректер өте аз. Сондықтан біз оны сахнаға шығарған кезде көркемдеп әсерлеп, әдемілеп шығара аламыз. Әйел бір қолымен бесік тербеп отырып билесе, екінші қолымен әлемді тербейді. Сондай ұрпақ тәрбиелеген аналар ғана әлемді тербей алады. Сондықтан біз ана образын, әйел образын Хан Сұлтан арқылы беруді жөн көрдік.
Алтын Орда дәуірін опера сахнасында қою үшін әлемдік театр мамандары да үлес қосты. Операның режиссері – атақты Ла Скалада, Рим операсында пьесалары қойылған италиялық Давиде Ливермор. Қоюшы дирижер Нұржан Байбосынов.
Маралтай Ыбраев, ақын:
- Қазақтың образды, бояулы, әдемі сөздерінің бәріне келген кезде мына либретто жанры қабылдамай қояды екен. Мысалы, үш буын, төрт буын, екі буын, 17 буын, міне, осының ішіне ойың сыю керек. Қазақтың сөзінің баламасын беру керек. Осындай қиындықтарды бірақ біз игердік деп ойлаймын.
Театр артистері мен балет бишілері, хор мен симфониялық оркестрдің жанды орындауындағы «Хан Сұлтан. Алтын Орда» ұлттық операсының премьерасы ертең, 29 қарашада өтеді. Сенбі мен жексенбіде және жалғасады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Радик Жакупов.