«Ассамблея Жастары» ЮНЕСКО ұйымымен ынтымақтастық орнатады

«Ассамблея Жастары» республикалық жастар бірлестігі ЮНЕСКО ұйымымен ынтымақтастық орнатады. Қазақстаннан келген делегация ұйымның Париждегі штаб пәтерінде өткен кездесуде осындай мәмілеге келді. Басқосуда тараптар ғылым, мәдениет, білім саласында әріптестік мүмкіндіктерін талқылап, өзара пікір алмасты.

Жастар ұйымы ЮНЕСКО-ның халықаралық жастар қауымдастығына қосылу арқылы жаһандық жобаларды жүзеге асыратын ұлттық платформаға айналуды көздейді. Бұл серіктестік ел жастары үшін БҰҰ шеңберіндегі халықаралық гуманитарлық бастамаларға қатысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың дамуына тиімді әсер ете алады.

Тимур Жұмырбаев, «Ассамблея Жастары» қоғамдық ұйымының төрағасы:

- Біз осындай жаһандық ұйымдармен ынтымақтастық орнату арқылы қазақстандық жастардың ЮНЕСКО-ның ғылым, білім, мәдени бағыттағы жобаларына барынша тартылуын қалаймыз. Яғни, біздің басты мақсатымыз – ел жастарының мүмкіндік аясын кеңейтіп, халықаралық жобаларға белсенді қатысуына жағдай жасау.