Ә. Кекілбаевтың еш жерде жарияланбаған өлеңдері оқырманға жол тартты
Көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаевтың бұрын-сонды жарияланбаған өлеңдері бір жинаққа топтастырылды, деп хабарлайды 24KZ. «Дәурен кешкен» атты кітапты маңғыстаулық әбіштанушылар құрастырып шықты. Сонымен қатар «Күй» шығармасын түркиялық аудармашы Ашур Өздемир түрік тіліне тәржімалады.
Халық жазушысының 85 жылдығына орай Астанада өткен халықаралық форумда екі бірдей кітаптың тұсауы кесілді. Оған қаламгердің туыстары, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты. Мазмұнды шарада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. «Әбіш Кекілбаев бізге болмысы биік тұлғаның, қандай болуы керектігін көрсетті. Ендігі міндет – осы мұраны сақтап, дамыту, Әбіш әлемін жаңа заманмен үйлестіру» делінген хатта.
Бақтыбай Жайлауов, әбіштанушы:
- Біз оның сейфінде, яғни сыр сандығында сақтаған қолжазбасына қол жеткіздік. Сондай-ақ әр жылдары газетте, журналда жарияланғанымен, жинақтарға енбеген шығармаларын жинадық. Әр өлеңін түйірлеп тердік, түгендедік. Өзінің сырласы болған жыр дәптерін біздер тұтынып, оны оқырманға жеткізе алғанымызға өзімізді бақытты сезінеміз.