Алматыда ҚХА мен ауған этно-мәдени орталығының өкілдері жүздесті

Алматыда «Қазақстан ауғандары: бейбітшілік пен келісімнің шаңырағы» атты жиын өтті. Тәуелсіздік күніне арналған шарада «Ариана» ауған этно-мәдени орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерімен кездесті. Патриоттық рухты насихаттау және ел бірлігін көрсетудегі ұсыныстар айтылып, атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Жарты ғасырға жуық соғыс тауқыметін тартқан ауған жұрты қазақ елінің кең құшағы үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар шарада ауған кілемдері мен қолданбалы өнер көрмесі, ауған ұлттық киімдері көрсетілді.

«Ариана» ауған этно-мәдени орталығы 2009 жылы құрылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына енген. Қазір ұйым, татулық пен бейбітшілікті ту етіп, ауған диаспорасын елдің дамуына жұмылдырып келеді.

Раджаб Әли Мұхаммед Мұстафа Гүлам Риза, «Ариана» этно-мәдени орталығы жастар қанатының өкілі:

- Қазір республика бойынша 5 мыңдай ауған бар. Қазақстан біздің екінші үйімізге айналды. Ауғанстандағы 40 жылдан асқан соғыстың салдарынан пана іздеген көптеген адамды қанатының астына алды. Мен сол соғыстың ортасында туғанмын. Қазақ еліне даму мен бейбітшілік тілеймін.