Мемлекет басшысы Қазақстан Жазушылар одағын 90 жылдығымен құттықтады

Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды 24kz.

Атап өтейік, Қазақстан Жазушылар одағының тарихы 1934 жылдан басталады. Содан бері ақын-жазушылар, драматургтар, аудармашылар бастаған зиялы қауым өкілдері қазақтың төл әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта еліміздегі ең ірі шығармашылық бірлестікке айналған. Оның мыңнан астам мүшесі бар. Одаққа қарайтын «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор», «Жалын» журналдары өнер мен әдебиеттің жаршысына айналды. Ел Президентінің құттықтау хатын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін Сіздерге бақ береке, толайым табыс тілеймін. Халқымыздың рухын көтеріп ,танымын ұлғайтатын шығармаларымыз көп болсын. Қасым-Жомарт Тоқаев.