Алматы Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты шара өтті
Жазушылар одағы жанынан арнайы сараптама комиссиясы құрылуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ. Оған қоса мемлекет қаржыландыратын көркем әдебиет баспасын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты шарада айтылды. Жиын қазақ ақын-жазушыларымен қоса әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік зиялы қауым өкілдерінің басын қосты. Олардың қатарында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы, Түркия, Әзербайжан, Қытай, Қырғыз Республикасынан Жазушылар одағының басшылары бар. Барша қаламгерлерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Ел Президентінің жылы лебізін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді.
Қазақстан Жазушылар одағының тарихы 1934 жылдан басталады. Оның негізін қалағандардың қатарында Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды қазақ әдебиетінің классиктері тұрды. Содан бері ақын-жазушылар, драматургтар, аудармашылар бастаған зиялы қауым өкілдері қазақтың төл әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта еліміздегі ең ірі шығармашылық бірлестікке айналған. Оның мыңнан астам мүшесі бар. Ел Президентінің құттықтау хатын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- «Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін Сіздерге бақ-береке, толайым табыс тілеймін. Халқымыздың рухын көтеріп, танымын ұлғайтатын шығармаларымыз көп болсын». Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мерейтойға Түркия, Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан қаламгерлері де келді. Ал Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров құттықтау хат жолдапты.
Арслан Қойчиев, Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі:
- Қазақ жазушылары қазақ елінің тарихының, қазақ елінің тұрымысын жазуымен қатар дүниежүзілік әдебиетке де үлес қосып келеді. Қазақ елінің қайталанбас таланттарының көркем қазынасы болған Қазақ Жазушылар одағының 90 жылдық мерекесі өте маңызды іс-шара деп есептеймін. Екі бауырлас елді рухани жағынан азықтандырып, жаңа буын жастарды тәрбиелеуде ақын-жазушылардың қарым-қатынасы, әріптестігі маңызды.
Жиына одақ төрағасы Мереке Құлкенов бірнеше ұсыныс айты. Мәселен, одақ жанынан арнайы сараптама комиссиясын құру, мемлекет қаржыландыратын көркем әдебиет баспасын ашу туралы бастама көтерді. Басты мақсат –әдебиеттің деңгейін жаңа биікке көтеру.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
- Кітап шығарушылар тек қана бюджетке салмақ салмай, нарық заңдарына сай жеке капиталды тартып жатыр. Бұл да қазіргі кезеңнің ерекшелігі. Әсіресе соңғы үш жылда мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен стратегиялық әріптестік жүйесі бойынша 3 жобаға қол жеткіздік. Осы жобалар бойынша 36 кітап жарық көрген. Оның 20-сы – одаққа мүше болмаған жас жазушылар.
Алдағы уақытта кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін мектептерде жазушылар сабағын енгізу жоспарда бар. Әдеби сын жанрын дамыту да басты назарда болады. Жиында 2024 жылы мемлекеттік тапсырыспен басылған кітаптардың көрмесі өтті. Биыл осындай 170 жаңа кітап жарыққа шықты. Соның ішінде ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақ қаламгерлерінің зерттеу еңбектері де бар. Бүгінгі таңда шығармалары шет тіліне аударылып жатқан жазушыларда бар.
Дулат Исабеков, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы:
- Испан, тағы түрік тілінде үлкен кітап шықты. Содан кейін француз тілінде аударылды жақында. Осының бәрі – бейбітшіліктің арқасы. Тыныштықтың арқасы. Спектакль қойылып жатыр. Англияда екеуі жүріп жатыр. Түркияда, сонау Мельбурнда «Бөрте» жүріп жатыр. Қалай болғанда да, батыс әдебиетімен салыстырғанда жарысқа түскенде, бәсекеге түскенде одан қалыспайтын әдебиетіміз бар.
Ахметжан Ашири, Қазақстанның халық жазушысы:
- Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығы – бұл үлкен рухани мейрам. Осы Жазушылар одағында хас шебер жазушыларды көргенім үшін мен қуаныштымын. Үлкен-үлкен ғұлама жазушыларды, Мұхтар Әуезовті көргенмін. Әуезовтің қолынан мен дәріс алғанмын. Тоқсан жылдығы – мен үшін үлкен мейрам. Мен сондай бір үлкен қуанышпен келіп отырмын.
Мерейтой аясында бірқатар қаламгерлер марапатқа ие болды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Қазақстанның Құрметті жазушысы» төсбелгісі бұл жолы шетелден келген белгілі қаламгерлерге берілді. Ал «Атымтай жомарт» медалі әдебиеттің өркендеуіне ықпал еткен меценаттарға берілді. Оған қоса Алматы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Асыл сөз» әдеби сыйлығы осы шарада алғаш рет табысталды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев.