Астанада жас пианистер байқауы мәресіне жетті

Елордада «Astana Piano Passion» атты жас пианистердің республикалық байқауы мәресіне жетті.

Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған сайысқа биыл 4 облыс, екі қаладан 60-тан астам бала қатысты. Өрендер 5 күн бойы қазақ және әлемдік классиканың үздік шығармаларын орындап, қарым-қабілетін байқатты. Жеңімпаздар 7 мен 18 жас шамасы бойынша анықталды. Өнерлі балғындарға мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. "Жыл сайын әлемдік аренада танымал қазақстандық жастардың саны артып келеді. Бұл біздің өскелең ұрпақтың үлкен шығармашылық әлеуетінің дәлелі. Конкурс ұлттық фортепиано мектебін дамытуға септігін тигізеді деп сенемін" делінген хатта. Талантымен қазылар алқасын тәнті еткендердің бірі - алматылық Аяла Иса. Қаршадай қыздың арманы асқақ. 

Аяла Иса, Astana Piano Passion байқауының 1-орын иегері:

- Мен көп дайындалдым. Осы коннкурсқа келгенде 2-3 емес, арнайы бірінші орындыалу үшін. Әдейі дайындалып келдім. Ойнағанда қуанып шықтым. Мен осы конкурсқа Бахтың шығармаларын дайындадым. Апайым екеуміз бірге дайындадық осы шығармаларды.

Раушан Нұртаза, Қазақ ұлттық өнер университеті ректорының міндетін атқарушы:

- Уақыт әрине тығыз болды. Бірақ балалар жоғары деңгей көрсетті. Себебі білесіздер, классикалық музыкада өте еңбекқор балалар. Алты жастан музыка мектебіне түсіп, күнінен 4 сағат дайындалады. Мәдениет және ақпарат министрлігі осы балалардың барлық жағдайын жасап, оларды белгілі халықаралық байқауларға шығару мақсатымыз бар.