Бибігүл Төлегенованың 95 жасқа толуына орай Астанада концерт өтті
Бибігүл Төлегенова ертең 95 жасқа толады.
Қазақтың бұлбұлы атанған күміс көмей әншінің мерейтойына орай Астанада мерекелік концерт өтті. Тәуелсіздік күнімен қатар келген қуанышқа арналған шараға мемлекет қайраткерлері мен өнер жұлдыздары қатысты.
Бүгін Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт залында ине шаншар орын жоқ. Бибігүл Төлегенованың мерейтойына арналған мерекелік шараға оның шәкірттерімен қатар, әншінің шығармашылығын сүйетін тыңдарман қауым жиналды.
Бибігүл Төлегенова, Қазақстан және КСРО Халық әртісі:
- Елмен көрген ұлы той деген осы ғой. Құдайға шүкір. 95 жасқа толсам дағы мені әлі күнге дейін сыйлайды екен. осы 17 ноябрьда «Астана Операда» болды, 21 ноябрьда филармонияда болды Алматыда. Бүгін міне осында өтіп жатыр. Құдайға шүкір. Халық келіп жатыр. ел мені көргісі келеді екен.
Бастаманы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдаған. Концертте Бибігүл Ахметқызының репертуарындағы шығармалар орындалды. Биылғы атаулы датаға орай әншінің өнеріне жыл бойы құрмет көрсетіліп келеді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Бибігүл Төлегенова барлық жоғары наградаларға ие болған сирек әншілердің бірі. Оның еңбегін мемлекет басшысы жоғары бағалады. Халқымыз әрқашан ән өнерін дәріптеп келген. Менің ойымша, бұл талантты жоғары бағалау және жалпыхалықтық сүйіспеншіліктің көрінісі. Бибігүл Төлегенова өзінің мерейтойын сахнада атап өтуде. Бүгінгі концерт жалғыз іс-шара емес. Сүйікті әншіміздің мерейтойын мерекелеу аясында 95 жылдығына орай республикалық және өңірлік деңгейлерде 150-ден астам шара өткізілді. Ертең опера әншісі 95 жасқа толады. Бибігүл Ахметқызына зор денсаулық, сарқылмас қуат және жаңа шығармашылық жетістіктер тілеймін.
Бибігүл Төлегенова опера әншісі ғана емес, актриса және білікті педагог ретінде де танылған. Ардагер ұстаз елімізді бүкіл әлемге танытып жүрген бір топ опера әншілерін дайындады. Осылайша қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты.
Серік Селеубайұлы, Абдулхамит Бөлекбаев