Оңтүстіккореялық дипломаттардың Қазақстан туралы кітабы жарық көрді
«Бауырлас ел – Қазақстан». Оңтүстік Кореяда осындай атпен қазақ елі туралы кітап шықты, деп хабарлайды 24kz.
Оның авторлары Алматыдағы Корея Республикасының бұрынғы бас консулы Сон Чи Гын мен Орталық Азияны зерттеуші, дипломат Чо Ын Джон. Кітапта екі мемлекеттің ортақ тарихы негізге алына отырып, ұқсастықтары сипатталған. Мысалы, қазақ және корей тілдерінде шамамен 300 сөздің ұқсастығы туралы айтылады. Сондай-ақ, еліміздің астанасы, Байқоңыр ғарыш айлағы және корейлер өмір сүрген Үштөбе туралы кеңірек мағлұмат берілген. Қазақстанның туристік орындары жайлы да баяндалған. Авторлардың айтуынша, бұл еңбекті жазуға 10 жыл уақыт кеткен. Сон Чи Гын 2012-2015 жылдары Оңтүстік Кореяның Қазақастандағы бас консулы қызметін атқарды. Ал Чо Ын Джон 2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантурасын тәмамдаған.
Сон Чи Гын, «Бауырлас ел – Қазақстан» кітабының авторы:
- Мен Корея мен Қазақстанды бауырлас ел деп санаймын. Осы себепті тарихи байланыстарымызды негізге ала отырып, болашағымызды бірге құруға күш салуымыз керек деп ойлаймын. Кітапты жазуыма осы түрткі болды. Басты мақсатым – Қазақстанның жеті кереметін көрсеткім келді.
Ким Гён Ван, Сеул қаласының тұрғыны:
- Бұл Қазақстан туралы тың мәліметтерді қамти отырып жазылған кітап деп ойлаймын. Ол қарапайым түсінікті тілмен қызықты етіп берілген. Жеңіл оқылады. Осы кітап арқылы қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі, тұрмысы жайлы көп мағлұмат алдым.