Астанада Ф. Оңғарсынованың 85 жылдығына орай ғылыми конференция өтті

Биыл елімізде Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толып отыр. Мерейлі датаға орай елордадағы ақын есімімен аталатын білім ордасында ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда Фариза Оңғарсынованың жақын туыстары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен зиялы қауым дара тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісті.

Ол ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Фариза қыз» деп жырлаған поэзия падишасы. Фариза Оңғарсынова Отан, табиғат, бейбітшілік туралы іргелі әлеуметтік әрі азаматтық ойтолғауларымен адамзат жүрегінен орын алған. Мерейтойға орай оқушылар ақын өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Мектеп ұжымы «Әйел атты ұлылық!» тақырыбымен әдеби-музыкалық қойылым ұсынды.

Нұрлан Ысқақов, Ф. Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназияның директоры:

- 2022 жылдан бастап мектебіміз Фариза Оңғарсынова есімімен аталады. Бірнеше шара өткіздік осы аталғаннан. Фариза Оңғарсынова апамыздың бойындағы қайраткерлік, жігерлік әрбір оқушының бойына дарысын деп ойлаймыз. Осы Фариза апамыздың есімін алғаннан бастап мектебіміздегі оқушыларымыз ғылыми жұмыстар, олимпиадалар, барлық сайыстардан жүлделі орындарға ие болып жатыр.

Шара аясында Фариза Оңғарсынованың құрметіне жасалған барельефтің ашылу рәсімі өтті. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың арнайы құттықтау хаты оқылды.

Әлия Дәулетпаева, Атырау облысы жазушылар одағының басшысы, ақын:

- Фариза Оңғарсынова шығармашылығы ұлт руханиятына қосқан үлесі атты семинар-конференцияға қатысу үшін келдік. Бұл жерде Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы келер ұрпаққа аманат қой, сондықтан барлық мәдени рухани іс-шаралардың ішінде осындай жастармен, оқушылармен өтетін танымдық жұмыстардың рөлі де маңызы да зор деп ойлаймын.

Бүгінде ел бойынша 4 мектепке көрнекті ақынның есімі берілген. Елордадағы №77 мектеп-гимназия – соның бірі. Бұнда оқушылар «Фаризатану» кабинетінде халық жазушысының шығармашылығымен етене танысып жүр.

Авторы: Рухани Әбдірахман.