Латын Америкасында Димаштың «егізі» тұрады

Латын Америкасында Димаштың «егізі» тұрады

Пабло Ромеро есімді жас әнші – Чилидің тумасы.

22 жастағы өнерпаз ел астанасы Сантьягодағы TVN телеарнасында өтіп жатқан «Mi nombre es...?», яғни, «Менің атым...» деген музыкалық телесайысқа қатысып, көптің көзайымына айналып үлгерген.

Жарыстың шарты бойынша кез келген адам әлемдік жұлдыздардың бірін алып, образын соған ұқсатып, оның репертуарындағы әндерді айнытпай орындап шығуы керек. Алты жасынан өнерге қызыққан Пабло бірден Димашты таңдап, байқауға қатысқан. Жақсы нәтиже көрсету үшін актерлік шеберлік, хореография сабақтарын алып, сахнада Димаштың мимикаларын дәл қайталауды меңгерген. Қазіргі таңда тұрақты түрде вокалдан дәріс алып, 4-5 октавалы шығармаларды нақышына келтіріп орындауға бар күшін салып жүр.

Пабло Ромеро, әнші:

- Димашты 2018 жылдан бері білемін. Және осы жарысқа қатысқанда да, оған дейін де әлемнің ең мықты әншілеріне еліктеп, соларға қарап бой түзегім келді. Димаш, міне, тура сондай талантты тұлға. Мен үшін ол әлемнің ең үздік әншілерінің бірі. Алғаш оның өнерін көргенде қатты таңғалғам. Енді сол Димаштың жолымен қазылар алқасын, көрермендерді таңғалдырғым келеді. Бұл жерде бір нәрсені айқындап алу керек. Мен Димашқа пародия жасау үшін емес, оның өнерін Чили халқына таныту үшін оны таңдап, сайысқа қатысып жатырмын. Әрі ол сияқты ән шырқауды меңгеріп, өз шеберлігімді арттырғым келеді.

Пабло Димаштың образын сомдау арқылы сайыстың алғашқы сынынан жартылай финалға дейін сүрінбей өткен. Өзі финалға дейін жетуге дәмелі. Ол Димаш айтқан қазақ, ағылшын, француз тіліндегі әндерді орындап, тілін сындырып, қазақша үйреніп жүр. Димаш пен Чили сөздерін қосып, өзіне Димашили деген лақап ат жасап алыпты. Паблоны Димаштың Латын Америкасындағы тыңдармандары қолдап, телешоу өтетін студияға арнайы келіп жанкүйер болады екен.