Қазақстандық жас композитор Рахат-Би Әбдісағын еуропалықтарға Шотландияның ең танымал патшаларының бірі туралы «Брюс» операсын ұсынды, деп хабарлайды 24KZ. Музыкалық шығарманың премьерасын ғалымдар, тарих профессорлары, өнер майталмандары мен Шотландия тұрғындары тамашалады. Отандасымыз, сазгер-пианист Рахат-Би Әбдісағынның музыкалық кештері Шотландияның атақты 3 шіркеуінде өте жоғары деңгейде өтті. Халық сыймай қалған. Ол «Брюс» операсын Шотландия патшасы Роберт Брюстің 750 жылдығына арнады. Майкл Браун, Сент-Эндрюс университетінің Шотландия тарихы профессоры: - Осы опера арқылы «Брюс» дастанын басқаша сезіндім. Мен – Роберт Брюс тұлғасын жан-жақты зерттеп келе жатқан адаммын. Көрермен тарихты әуен арқылы сезіне білді. Бұл – мүлде жаңаша тәсіл. Алан Риак, Глазго университетінің Шотландия әдебиеті бойынша профессоры: - Бұл керемет. Қазақстандық композитор шотландиялықтар туралы музыка мен тарих үндескен тамаша шығарма жазды. Мұндай бұрын болған емес. Бұл туындының Шотландия мен Англия ғана емес, сондай-ақ Қазақстан, Еуропа, Таяу Шығыс немесе әлемнің кез келген жеріндегі барлық адам үшін пайдасы бар. Жерлесіміз бұл шығарманы Шотландияның Корольдік консерватория мен Сент-Эндрюс университетіндегі докторлық зерттеуінің аясында жазып шыққан. Ол Джоно Барбурдың ортағасырлық шотланд тілінде жазған дастанына негізделген. Қойылымға Шотландияның Корольдік консерваториясының опера әншілері мен дирижёрлері қатысты. Салли Мэпстоун, Сент-Эндрюс университетінің ректоры және вице-канцлері: - Опера өткен шақ пен бүгінгі заманды әдемі қабыстыра білген. Әуезділік көрерменге ерекше ұнады деп ойлаймын. Мұндай әдемі әуенді бұрын-соңды естіп көрмеппін. Керемет әсер қалдырды. Рахат-Би операны жазу барысында жергілікті жетекші тіл мамандары және тарихшылармен көп кеңескен. Жалпы отандасымыз – 150-ден астам музыкалық шығарманың авторы. Оның туындылары Еуропа, Азия және Американың танымал концерт залдарында орындалған. Жаңа опера 3 наурызда Роберт Брюстің өзі жерленген Данфермлин аббатығында көрермен назарына ұсынылмақ. Авторлары: Ернат Мелсұлы, Жанна Құсайынова.