«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы мен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің арасында өткен жылы ортақ келісім жасалған еді. Бүгін қос тарап басшылығы кездесіп, атқарылған шаруаларды қорытындылады. Мәселен, Ахметжан Есімовтің айтуынша, бірлескен шаралардың нәтижесінде құрылысқа жұмсалған қаржыдан 302 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік туған. Тағы бірқатар жетістікті тізбелеген Ұлттық компания төрағасы кейбір мәселелерге де тоқталды. Оның ішінде құрылыстың мерзімінде аяқталмауы және жалақыны уақытылы алмау дерегі де бар. Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ басқарма төрағасы: - Біз құрылыс компания басшыларымен бірнеше рет кездесіп, жұмысты аяқтау мәселесін талқылағанбыз. Қазіргі мүмкіндікті пайдаланып, тағы да оны көтергім келеді. Жасалған барлық сын-ескертпеден, шұғыл қорытынды жасап, алған міндеттемені мерзімінде орындаңыз. Әйтпесе, қатаң шаралар қолдануға тура келеді. Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы: - Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойған міндеттемелер орындалып жатыр деп айта аламын. Біз осы бағытта бірлескен шараларды күшейтіп, барлығы заң аясында атқарылуын қадағалаймыз.