Елімізде жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығын ресми мерекелеу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24». Кеше мерейтойды өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында іс-шаралардың жалпы республикалық жоспары бекітілді. Ақын құрметіне елімізде 500-ден астам әлеуметтік-мәдени, ағартушылық, ғылыми және білім беру жобалары іске асады. 25 жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың ұлы ақындары Абай мен Жамбылдың 150 жылдығын лайықты атап өту туралы шешім қабылдағаны көпшіліктің есінде. Содан бері ширек ғасыр өтсе де, қос ақынның әр мерейтойын атап өту мәртебесі асқақтап келеді. Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев елордадағы Жамбыл ескерткішіне гүлшоқтарын қойды. Шараға Мәдениет және спорт министрлігі, қала әкімдігінің өкілдері мен Жамбыл облысының делегациясы қатысты. Махметғали Сарыбеков, Жамбыл облысы мәслихатының хатшысы: – Жамбыл Жабаев кім деген кезде, оны ақын-айтыскер, жырау-жыршы деп айтамыз. Бірақ онымен шектелуге болмайды. Мысалы, былтыр Абай жылы болды ғой. Сол кезде Абай жылына арнап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және 21-ғасыр» деген үлкен мақаласы шықты. Қалыбек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимаратында өткен мерейтойлық жылдың салтанатты ашылуына мәдениет және ғылым қайраткерлері келді. Кеш мерекелік концертпен жалғасты. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің артистері көрермендерге «Жыр алыбы – Жамбыл» атты театрландырылған қойылымын ұсынды. Ақынның баға жетпес мұрасы мен дарынын ашып көрсететін әдеби-музыкалық композицияда әйгілі «Кең байтақ Қазақстаным», «Ақындарға арнау», «Күләшқа», «Ленинградтық өренім!» және т.б. шығармалары сахналанды. Ұлан Қылышбаева, Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің экскурсия жетекшісі: – Алматы облысы Жамбыл ауданы Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінен «100 жыл жырлаған жүрек» атты жылжымалы көрме әкеліп отырмыз. Бұл көрменің мақсаты – ақынның асыл мұраларын және музей экспонаттарын көпшілікке таныстыру, ақынның шығармаларын насихаттау. Жамбыл мерейтойына арналған іс-шаралар республикамыздың барлық өңірінде және шетелде жыл бойы өтеді. Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев