«Хабар» арнасында Димаш Құдайбергеннің жаңа бейнебаны шықты, деп хабарлайды «Хабар 24». «Өмір өтер» композициясы агенттіктің қолдауымен түсірілген еді. Туынды авторлары – Талант Арынғали мен Ринат Гайсин. 10 жылдан аса өзінің орындаушысын күткен әнге мағыналы клип түсірілді. «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша Димаш Құдайбергеннің әніне бейнебаян түсірілді. «Omir Oter» музыкалық композициясы алғаш рет Dimash Digital Show онлайн-концертінде орындалған. Клипте тұтас елдің өткені, тарихта аты қалған тұлғалар көрсетіледі. Туынды режиссері Анна Обоянская. Түсірілім Елордадағы «Астана Опера» театрының залында өткен. Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры: –«Хабар» агенттігі өзінің ұсынысын білдірді. Қанат мырзамен сөйлестік. Бірнеше идея ұсынылды. Бірақ Димаш өз үлесін қосса екен деп ойладық. Сонымен бірге бейнебаяны түсірілсе деген ойда болдық. Димаш жұмысының көптігіне қарамастан бейнебаян түсірілді. Екі үш ай уақыт кетті. Әуезді әнді Димаш бірден ұнатса керек. Тіпті бейнебаян түсіруді де басында жоспарлаған. Ерекше туындыны жасап шығаруға 2 айдан аса уақыт кетіпті. Ән авторы Ринат Гайсин. Ол әуенін сонау 2009 жылы жазып қойған. Ал ән әншісін тек 2021 жылы тапқанға ұқсайды. Туындыны тамаша шырқаған Димаш Құдайбергенов еді. Ринат Гайсин, композитор: – Димаштың өзі бұл әнді ерекше деді. Сондықтан ән халықтың құлағына жақса, махаббатпен сезініп тыңдаса, мен үшін жеңіс. Димашқа рақмет. Қанат Айтбаев, әнші: – Халқына пайдасы тиіп, арманына жетсе екен дегеннен туындаған дүние. Әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін. Бірақ бұл туындының ішінде қазіргі көзқарас және бұрынғы өтіп кеткен дәуірлердегі тарихқа көз жүгіртетін жастардың бізге дейін де тау-тұлғалар өтіп кеткен, біз солардың ісін жалғастыра алатындай ұрпақ бола алып жүрміз бе деген ойды айтатын дүние. Тәуелсіздік күні қарсаңында көрерменге жол тартқан бейнебаян Димаштан елге тарту болды. Ол жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан студияда осы ән аясында күні-түні еңбектенген. Бейнебаянды түсіру барысында мағыналы сценарий болса деген ниетін білдіріпті. «Хабар» агенттігінің қолдауымен түсірілген туынды телеарна эфирінде көрсетіліп жатыр. Гүлзия Нақыпқызы