«Жасыл» технологияны дамыту үшін халықаралық хаб құру жөніндегі Елбасы идеясы қолдау тапты

БҰҰ-ның бөлімшесі Нұрсұлтан Назарбаевтың «Астана ЕХРО-2017» көрмесі аясында «жасыл» технологияларды ілгерілету бойынша халықаралық хаб құру жөніндегі идеясын қолдайды.

Бүгін ЕХРО-2017 ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовпен кездескен БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының Еуропа бойынша өңірлік бюросының директоры Ян Дусик осындай ой-пікірін жеткізді. Шетелдік мейман ұйым Қазақстанмен Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы базасында ұзақмерзімді ынтымақтастық құруға ниетті екенін айтты. Өз кезегінде Ахметжан Есімов көрменің тақырыбы БҰҰ бөлімшесі айналысатын өзекті мәселелермен үндес екенін атап өтті.