389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шахандағы қайғылы оқиғадан қаза болғандардың отбасыларына 1 млн теңгеден бөлінеді

  • 769
  • UPD: 20:35, 02.01.2017

Қарағанды облысының Шахан кентінде тұрғын үй апатына қатысты төтенше жағдай жарияланды. Әкімдікте гуманитарлық көмек бекеті ашылған.

Арнайы комиссия апат шығынын есептеп жатыр. Сараптама жұмыстарының нәтижесі бойынша халыққа материалдық көмек көрсетіледі.

Жаңа жылдың алғашқы түні Шахан жұрты үшін ауыр қайғымен басталды. Мұндай жойқын апатты тұрғындар көпке дейін ұмыта алмайтынын айтады. Опырылған үйдің екінші бөлігінде тұратын Досжан Жумкин жарылыс даусын естіген бойда отбасымен бірге құжаттарын алып, далаға жүгіріп шыққан.

Досжан жумкин, Шахан кентінің тұрғыны:

- Үйде болдық. Тамағымызды ішіп алып, залға бардық. Бір кезде бомба түскендей гүрс ете түсті. Түрегеліп кухняға жүгіріп келдім де, форточканы аштым. Екі жігіт ойбай шығыңдар, өлесіңдер деп жүгіріп келді. Киініп, киініп шықтық. Содан жарым түн далада жүрдік.

Шахан кентіндегі бұл үйлер көп жылдан бері жертөлелерінде орналасқан дербес қазандық арқылы жылытылады. Көршілес үйде тұратын Тамара Терещенко үйдің опырылып түскенін алғашқы болып көргендердің бірі. Ол мұндай оқиғаның бұған дейін де болғанын айтады.

Тамара Терещенко, Шахан кентінің тұрғыны:

- Осыдан төрт бес жыл бұрын №7 үйде осындай жарылыс болған, қазандық жарылып, бірақ ол кезде барлығы аман қалды. Негізі орталық жылуды 2014 жылы қосамыз деп уәде берген еді. Алайда әлі күнге дейін жеке қазандықпен отырмыз.

Үйдің опырылған бөлігіндегі 10 пәтерлік подъезде 25 адам тұрған. Түнде қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындарға қалалық балабақшадан бөлме бөлініп, ыстық тамақ ұйымдастырылды. Дегенмен олар жергілікті билік ұсынған мекемеге емес, туған-туыстарының үйіне жайғасқан. Ал апат орнында іздестіру жұмыстары аяқталды. Оған 280 адам мен 16 техника жұмылдырылды. Түнімен бір тоқтамаған құтқару жұмыстары кезінде үйінді астынан 9 адамның жансыз денесі шығарылды. Олардың арасында 3 бала бар. Ал құтқарылған 6 адамның екеуі ауруханаға жеткізілді. 14 жастағы қыз түрлі дене жарақатын алған, ал 33-тегі ер адам түні бойы үйінді астында қалып қойған. Оны құтқарушылар тек таңертең тауып алды.

Шолпан Мұқашева, кезекші дәрігер:

- Бүгін түнде бізге екі адам түсті. Олардың жағдайы қалыпты, бірақ ауыр. Қажетті ем-дом көрсетіліп жатыр. Қыздың басы жарылған, миы шайқалған, жамбас сүйегі сынған. Ал далада жатып қалған ер адамның денесін үсік шалған.

Апатқа байланысты құрылған комиссияны облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков басқарады. Жауапты мамандар жылыту қазандықтарының жарылуына не себеп болғанын анықтап жатыр. Облыстық бюджеттен қаза болған әр адамға 1 млн теңгеден, ал жарақат алып ауруханада жатқан екі адамға 500 мың теңгеден материалдық көмек көрсетілетін болды.

Нұрмұхамбет Әбдібеков; облыс әкімі:

- Қаза болған және зардап шеккен отбасыларына материалдық көмек көрсетіліп, оларды жерлеу жұмыстарын ұйымдастыратын боламыз. Мұндағы бірнеше тұрғын үй  жеке қазандықтан жылу алып отыр. Бұл қазандықтарды орнатқан мамандар келіп, қызмет көрсетіп отырған.

Шахан кентінің әкімдігінде гуманитарлық көмек бекеті ұйымдастырылды. Ал ертең зардап шеккен әр отбасының атына жеке есепшот ашылады. Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков, Асет Асайынов 

Хабар 24 телеарнасы