378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр

  • 696
  • UPD: 21:22, 03.01.2017

Шахандағы апаттан зардап шеккендерге халық жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр.

Елді мекеннің әкімдігінде орналасқан бекетке кешелі бері киім-кешек пен азық-түлік толассыз жеткізілуде. Ал қираған үйдің техникалық жағдайын қазақстандық көпсалалы қайта құрылымдау және даму институтының мамандары зерттемек. Көпқабаты тұрғын үй опырылып құлаған сәтте үйде ұйықтап жатқан Артемнің көрер жарығы бар екен. Сол күні 10 жасар бала апасының үйіне қонаққа келіпті. Ойыннан шаршап келген ол кешкі оннан кейін ұйықтап қалған. Қасында қарындасы Полина ойнап отырыпты. Ал апасы мен оның сегіз айлық қызы ас бөлмесінде жүрген екен. Екеуі де апат кезінде қаза тапты.

Артем Гоголко, оқиға куәгері:

- Мен ұйықтап жатқанмын, 7 жасар қарындасым келесі бөлменің едені жоқ деп, мені оятты. Есікті ашып қарасақ, шыныменде опырылып жатыр. Біз айғайлай бастадық, қатты қорқып кеттік, далада жүрген бір аға бізді киімдерімізбен дереу сыртқа алып шықты.

Нұрлан Күлкешев, кент тұрғыны:

- Осы Шахан кенті бойынша ең басты проблема жылу қазандығының жоқтығы. Егер орталық жылу қазандығы болғанда мұндай апат болмаушы еді, адам өлімі болмаушы еді. Көріп тұрсыздар бәрін өз қолымызбен, өз күшімізбен жасап жатырмыз. Дербес қазандықты қойып жатырмыз.

Шаханның әкімшілігінде орналасқан гуманитарлық бекетке кешелі бері жан-жақтан киім кешек пен азық-түлік жеткізіліп жатыр. Аймақтың кәсіпкерлері, түрлі қор өкілдері мен қарапайым халық қолынан келетін бар көмегін жасап жатыр, - дейді бекет қызметкері.

Ольга Фролова, Шахан кенті әкімшілігі шаруашылық бөлімінің меңгерушісі:

- Халық гуманитарлық көмек бекетіне күні-түні қоңырау шалып, ақша аудару шотын сұрап жатыр. Тамақтай, киім-кешекте әкеліп жатыр. Халыққа ризамыз.

Бүгін апатқа байланысты құрылған комиссияны басқаратын облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков шұғыл жиын өткізіп, Шахандағы дербес қазандықпен жылынып отырған барлық көпқабатты үйлерге тексеріс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ апат кезінде көз жұмған азаматтардың жерлеу рәсіміне кететін шығынды әкімшілік көтеретін болды. Айта кетейік, қаза тапқандардың отбасына облыстық бюджеттен 1 млн теңге бөлінеді, ал жараланып, ауруханада жатқан екі адамға 500 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Асет Асайынов.

Хабар 24 телеарнасы