387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Депутаттар отандық өндіріс орындарын аралап жүр

  • 603
  • UPD: 10:39, 10.01.2017

Жамбыл облысында темір-бетон құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын тұрғын үй салумен айналыса бастады.

Серіктестік өз зауытынан шыққан өнімді пайдалана отырып, бір жылда көпқабатты 5 тұрғын үйдің құрылысын аяқтады. Осы отандық өндірістің жұмыс барысын бағамдау үшін Мәжіліс депутаттары арнайы ат басын бұрды. Олар жұмысшылармен кездесіп, зауыттың технологиясымен танысты.

Кәсіпорын неміс технологиясы бойынша жұмыс істейді. Жылына 30 мың шаршы метрге дейін тұрғын үй салуға қажетті бетон материалдарды шығару мүмкіндігі бар. Мұнда бұдан бөлек, ауыл шаруашылығына қажетті суару жүйесі, іргетас блоктары, көпір құрылысына керек бетон тақталар да жасалады. 125 жұмысшы тұрақты еңбек етеді.

Ербол Төлегенов, жұмысшы:

- Арматурасын қойып жатырмыз. Енді осыдан кейін бетон құйылады. Бетоннан кейін сеткасы қойылады. Сапасы жақсы болу үшін осындай нәрселерді саламыз.

Қазір өндіріс орны өңірдегі құрылыстың 20%-ын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Мекеме өткен жылдан бастап көпқабатты тұрғын үй салуды бастады. Былтыр Тараз қаласында 12 мың шаршы метрді құрайтын бес тұрғын үй көтерген.

Кеңесхан Аралбаев, кәсіпорын директоры:

- Екі этажды, үш этажды котедждерге де сұраныс бар қазір. Осы 2017 жылы оны қолға алсақ деп отырмыз. Аудандарға да шықсақ па деп отырмыз. Алыс аудандарда зауыт филиалдарын ашып, сол жақта цех ашып, ол жақта да қолға алсақ. Осы қолжетімді панельді үйлерді.

Мәжіліс депутаттары бүгін осы зауытты аралап, жұмыс барысымен танысты. Жұмысшылармен кездесіп, өңірдегі кез келген құрылыста отандық өнімнің үлесін арттырудың маңыздылығын айтты. Ал зауытқа «құрылыс саласында таптырмайтын қажетті модель» деген баға берді.

Мұхтар Ерман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Нұрлы жердің» аясында енді 15 жылдық перспективаға қарайтын болсақ, бір жарым миллион пәтер тұрғын үй берілуі керек. Қазақстандық үлесі 90%-ға жету керек. Сондықтан осындай мекемелерді біз қолдауымыз керек.

Айта кеткен жөн, бұл депутаттар көрген соңғы нысан емес. Бұдан бөлек, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен танысады. Халықпен кездесіп, аудандардағы өндіріс орындарын аралайды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә 

Хабар 24 телеарнасы