389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аймақтарда құрылып жатқан өңірлік инвестициялық орталықтар Сыр өңірінде де тиімді жүзеге аса бастады

  • 869
  • UPD: 10:11, 11.01.2017

Аймақтарда құрылып жатқан өңірлік инвестициялық орталықтар Сыр өңірінде де тиімді жүзеге аса бастады.

Облыста ауыл кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған «Микробизнес Қызылорда» жобасының жұмыс істей бастағанына 2 жыл болды. Содан бері 180 жоба қаржыландырылып, 700-ге жуық жұмыс орны ашылған. Серікбай Нағашыбай Сыр өңіріндегі ең жас кәсіпкерлердің қатарына қосылды. Тартоғай ауылының 21 жастағы тұрғыны өткен жылы жеңіл пайызды несиеге қол жеткізіп, көптен жоспарлаған ісін қолға алды. Қазір ол ашқан наубайханада айына 3 тонна нан өнімдері дайындалады.

Нағашыбай Серікбай, кәсіпкер:

- Негізі өзімнің анамның қасында кішкентайымнан көмектесіп жүргенмін. Сосын мектеп бітіргеннен кейін ойланып, осы кәсіпті ашайық деп бел будық. Мұны ашу үшін өзіміз жер алып, сала бастадық. Сосын кәсіпкерлік палатасынан ақша алып, әрі қарай заттарын алып, соны аштық.

Ыбырай Жақаев ауылының тұрғыны Дана Нұрмышева да осыдан 3 жыл бұрын өзінің жеке үйін балабақшаға айналдырған. Алайда бейімделген ғимаратта бүлдіршіндерге барлық жағдай жасау мүмкін болмады. Ал оны кеңейту үшін қаражаттың жоқтығы қолбайлау еді.

Дана Нұрмышева, кәсіпкер:

- Екінші деңгейлі банктер ауылдағы жылжымайтын мүліктерді кепілдікке алмағандықтан несие берілмеді. Тек осы өңірлік инвестициялық орталық арқылы қажетті қаражатқа қолым жетіп, жеке балабақшамызды кеңейтуге мүмкіндік туды. Балаларды таңертең және кешке тасымалдайтын шағын автобус та алдық.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандарда құрылған филиалдары арқылы әрбір азаматтың жобасы ескерусіз қалмайды. Ауылдық жердегі кәсіпкерлерге нақты қолдау жасап отырған осындай бағдарламалардың арқасында ауылдағы ағайынның бизнестегі белсенділігі артып, тұрмысы түзеліп отыр.

Ғалымбек Жақсылықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының аудандарда барлық филиалдары бар. Бұл жобалардың барлығын сүйемелдейтін осы аудандық филиалдар. Сол жерде осы ауылдық жерде кәсіпкерлердің бәрі аудандық филиалға келіп, сол жерде өз жобаларын бастамаларын айтады, сол жерде тегін бизнес план жасалады. Әрі қарай осы жобалар біздің Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығының жанында бақылаушы кеңес бар. Бақылаушылық кеңесте жоба бастамашысымен бірге осы филиалдық директоры келіп бірге қорғайды жобаны.

Шағын кәсіпкерлікті ширата түскен ауыл азаматтары несиені уақытылы қайтара бастаған. Мәселен өткен жылғы құны 771 миллион теңгені құраған 124 жобаның 14-і осы қайтарым қаржының есебінен қаржыландырылып отыр. Ауылдағы кәсіпкерлікке кең өріс ашқан айтулы жоба биыл да жалғасын таппақ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы