389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана іргесіндегі Қабанбай батыр ауылы электр жарығына жарымай отыр

  • 1179
  • UPD: 16:31, 14.01.2017

Астана іргесіндегі Қабанбай батыр ауылы электр жарығына жарымай отыр.

Желдің екпіні күшейсе болды, қуат ажыратылып, әбігерге түсеміз, - дейді жергілікті тұрғындар. Бұдан бөлек, жоғарғы тарифпен есептелетін ақысы мен түсініксіз қосымша төлемдері тағы бар. Жауапты мамандар бұл мәселемен етене таныс. Тіпті шикілікті шешеміз деп талай рет уәде берген. Бірақ іс жүзінде еш әрекет жоқ. Қабанбай батыр ауылындағы жағдай сәл түсініксіз және түсініксіздігімен күрделі. Мысалы елді-мекеннің бір бөлігінде жарық бар, тұрақты және бағасы да қалыпты. Ал екінші жағында, мүлдем керісінше. Әсіресе, иесін тап басып ешкім біле бермейтін трансформаторлардың кесірінен бір емес, бірнеше мәселе пайда болған. Жұрттың наразылығын тудырып отырғаны да осы. Бұл елді мекенге алғашқы тұрғындардың қоныстанғанына шамамен 10 жылдың жүзі болған. Содан бері электр жарығына қатысты мәселе әлі шешілмей келе жатыр. Ара-тұра өшіп қалатыны бір бөлек, есесіне, ақысын неге асыра төлейтіндерін түсінбей дал, жергілікті тұрғындар.

Тілеулі Қуанышев, жергілікті тұрғын:

- Кейде жарық болмай қалады түнде. Біресе жанады, біресе сөнеді. Сонымен әйтеуір итшелеп келе жатырмыз. Тарифі бұрын 13-14 теңге болатын, қазір 23-тен асып кетті. Оны білмейм не үшін өсіп жатқанын.

Жергілікті тұрғын:

- Бізде енді 300 теңгеден жиналады. Қайдағы потерия? Барлығымызда счетчик тұр ғой. Потерия қайдан шығады ол. Ай сайын 300 теңгеден.

Жарықтан тарығып отырған 100-ден астам шаңырақтың тұрғындары осы сауалдарын жергілікті әкімшілікке талай рет жолдапты. Бірақ, тұшымды жауап жоқ. Тіпті, мына қуатпен қамтамасыз етіп тұрған қос трансформатордың кімге тиесілі екенін де білмейді. Әсіресе, техникалық ақау шыға қалса, көмекті қайдан сұрарымызды білмей әлекке түсеміз дейді. Әбден «аузы күйген» жұрт арнайы генераторды да сатып алып қойыпты. Бірақ, оның өзін екінің-бірінің қалтасы көтере бермейді. Қысқасы, жергілікті жұрт сиырқұйымшақтанып кеткен жарық мәселесі тез арада шешілсін деп талап етіп отыр. Яғни, орталық қуатпен қамтамасыз етуші компанияға өтіп, жалпыға ортақ тарифпен ақы төлегісі келеді. Жергілікті әкімдіктегілер болса, бұл мәселе басты назарда екенін айтады. Осы күнге дейін жұрттың қиналып келе жатқаны құжатбастылыққа байланысты дейді. Яғни, о баста құжаты болмаған трансформаторлардың қағазы былтыр ғана реттеліп, аудандық коммуналдық қызметтің иелігіне берілді. Ендігі мақсат - бүкіл облысты электрмен қамтамасы ететін компанияға өткізу.

Шәмшіғали Оспанов, Қабанбай батыр ауылы әкімінің орынбасары:

- Кеше ғана аудан әкімі көшпелі жиын өткізіп, оған осы компанияның басшысы Зуриев мырза қатысты. Енді өткізу кестесін тосып отырмыз. Кестесі әлі бекітілген жоқ. Өткізу кестесіз.

Кесте белгісіз, яғни, жергілікті жұрт жарықтан әлі біршама уақыт тарығатын түрі бар. Ал, трансформаторға қатысты қандай да бір ақау шыға қалса, қолдан келген көмекті аямаймыз дейді әкімдік өкілдері.

Авторлары: Аслан Қаженов, Асхат Қарақойшиев.

Хабар 24 телеарнасы