383,35 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Испания елінің саяхатшылары қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болды

  • 602
  • UPD: 23:18, 17.01.2017
Испания елінің саяхатшылары қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болды

«Қонақжай қазақ халқының кең пейілі мен қамқор көңіліне шексіз ризамыз.

Қиындықтан құтқарып, бар жылы жұмсағын аузымызға тосты»,- дейді Испания елінің саяхатшылары Хосе мен Патриция. Үш ай бойы 16 мың шақырымды еңсеріп, Оралға жеткен тұста көлігі сыр берген екен. Кәрі құрлық өкілдері жол бойы көрген-білгенін біздің тілшілерімізбен бөлісті.

Өмірдің мәні саяхаттау деп ұққан екеу Еуропаның бірнеше мемлекетін басып өтіп, Қазақстанға жетеді. Орал олар үшін орта жол ғана еді. Амал не, мыңдаған шақырымды артқа тастаған темір тұлпары осы жерде сыр берді. Бірақ жергілікті тұрғындар сырт айналмады. Бірден көмек қолын созды.

Нұрлан Рахымжанов, қала тұрғыны:

- Ел болып көмектесіп жатқанына Орал қаласының тұрғындарына өте риза. Соның ішінде мына сервис жұмысшыларына, детальдарын жасап берген Зенит зауытына өте риза.

Әскери үлгідегі көне көлікті Хосе Калдерон өз қолымен құрастырыпты. Мамандығы автомеханик болған соң темір-терсекке өте әуес. Автокөлік апаты кезінде қолынан да айрылған. Бірақ сүйікті ісін тастап кетпепті.

Хосе Калдерон, саяхатшы:

- Біз Испаниядан шығып Италияға бардық. Одан әрі Грекия, Босния мен Сербияны көрдік. Шығыс Еурпаның Литва, Латвия және Эстония мемлекеттерін араладық. Норвегия мен Швецияны басып өттік. Кейін Ресей арқылы міне, Қазақстанға жеттік.

Көне көліктің қосалқы бөлшегін табу оңайға түспеді. Саяхатшылармен кездейсоқ кезіккен көлік жөндеуші Алексей Савинов оларды өзінің шеберханасына алып келеді. Ал қажетті бөлшек оралдық кеме құрастыру зауытында арнайы жасалды.

Патриция Перес, саяхатшы:

- Біз қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болдық. Ауыл адамдары бізді кең дастархан жайып қонақ етті. Осы жерде алғаш рет қазы-қарта секілді ұлттық тағамдардың дәмін таттық. Тілімізді түсінбесе де. олар бізге қолдан келген көмегін тегін жасады. Ау -райы өте суық, күн болса қатты аяз. Бірақ адамдары сондай жылы шырайлы, мейірбан ел екен. Біз мұны ұмытпаймыз және әркез айта жүреміз.

Алдағы меже Моңғолия, Қытай мен Үндістан еді. Бірақ сынған көлікпен сапарды жалғастыру мүмкін емес. Осыған дейін олар 16 мың шақырымды еңсеріпті. Жол мұраты жету. Енді олар туған топырағына оралады. Сапарды кейінірек қайта жалғастырмақ ниетте.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы