378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаудағы шағын аудан жолдарын жөндеуге 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінген

  • 598
  • UPD: 12:33, 18.01.2017

Маңғыстаудағы Түпқараған ауданының іргесі кеңейіп келеді.

Форт-Шевченко қаласында былтырдан бері 900 жер теліміне газ және электр жүйелері жүргізіліп жатыр. Ал, Ақтаумен іргелес Ақшұқыр ауылында тұрғындар игілігіне берілер жер телімдеріне көгілдір отын желісі тартылуда. Көкжиегі Каспиймен шектесетін ауданның келешегі туралы жергілікті әкімдердің халыққа есеп беру кездесуінде айтылды.

Былтыр Форт-Шевченко қаласында 251 ғимарат бой көтерді. Бесеуі түрлі мақсаттағы кешендер, қалғаны тұрғын үйлер. Ауданға қарасты ауылдарды көркейту жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Өткен жылы Сайын Шапағатов селосында ішкі су жүйесі қолданысқа берілді. Биыл Ақшұқырда резервуар мен су құбырларын тарту қолға алынады. Аудандық маңыздағы автокөлік және селоішілік жолдарды қалпына келтіруге бюджеттен 100 млн-дан астам қаржы бөлінген.

Темірбек Асауов, Түпқараған ауданының әкімі:

- Облыс әкімінің тапсырмасы болған алдыңғы жылы. Жылына бір елді мекен ішіндегі бір жолды жасаймыз деген. Алдыңғы жылы Ақшұқыр елді мекеніндегі орталық жолды жасадық. Былтыр Сайын елді мекеніндегі орталық көлік қатынасы, қоғамдық көлік жүретін жолды жасадық.

Түпқараған ауданы білім көрсеткіші бойынша облыста бірінші орында. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасының көрсеткіші 87,67 балл болды. Ақшұқыр мектеп-лицейінің түлектері ҰБТ-дан 99,5 ұпай жинап, өңірде көш бастап келеді.

Мәлік Ізтұр, Ақшұқыр ауылының әкімі:

- Ауылымыз шағын болғанымен, білім беру саласында көптеген жетістіктеріміз бар. Биыл Ақшұқыр мектеп-лицейі ЮНЕСКО құрамына мүше болды. Түлектеріміздің бесеуі «Алтын белгі» тағып, 17 оқушымыз грант жеңіп алды.

Ырзабек Қабақов, Ақшұқыр ауылының тұрғыны:

- Тәуелсіздік жылдары электрлендіру, газдандыру және су мәселесі толықтай шешілді деп есептеуге болады. Ауыл өсті, елді жедел жәрдеммен шешу жөніндегі, күндізгі емделетін орындарды көбейту жөніндегі мәселелер шешілуге тиіс.

Ауылдағы шешімін таппай отырған мәселенің бірі – халыққа жедел медициналық көмек көрсету. Ақшұқырдағы жедел жәрдем қызметі Сайын Шапағатов ауылын да қамтиды. Шақыртулар жиі түскен жағдайда бір көлік аздық етеді. Осыны ескерген әкімдер таяу күндері мәселенің оң шешілетінін жеткізді. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы