384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында күннен қуат өндірілмек

  • 559
  • UPD: 13:33, 18.01.2017

Қызылорда облысының Сырдария ауданында биыл ірі күн электр стансасының құрылысы басталады.

Одан бөлек, жергілікті жолдарды жөндеу де жоспарда бар. Осы және өзге де атқарылатын жұмыстар Қоғалыкөл ауылдық округі әкімінің есептік кездесуінде айтылды. Ал, елді мекендерді алаңдатып келген мәселелер өз шешімін тауып жатыр.

Қоғалыкөл ауылдық округіне қарасты елді мекендердің тұрғындары биылға дейін белі ауырып, балтыры сыздаса, 40 шақырым жердегі аудан орталығына баратын. Себебі, ауылда медициналық бөлімше жоқ. Енді ол қиындықтар артта қалды. Ауылдан су жаңа амбулатория салынды.

Қамардан Рүстемов, Қоғалыкөл ауылының тұрғыны:

- Мінекей, былтыр осы емхана ашылды. Қандай жақсы болып қалды. Қазір күндіз 5 адам келіп, екпесін алып, емін салып кетеді. Күнделікті ауырған адам келіп осы жерде ем-домын, дәрігерлердің кеңесін алып, берген дәрісін ішіп кетеді. «Бірінші байлық денсаулық» деген ғой қазақ.

Бір жылдың ішінде ауылда көп өзгерістер орын алған. Мал саны көбейіп, қылмыс азайыпты. Елді мекенде шағын және орта бизнес те дамып келеді. Бірақ, ең басты мәселе әлеуметтік проблемаларды шешу.

Бақытжан Рақымбеков, Қоғалыкөл ауылдық округінің әкімі:

- Қоғалыкөл ауылында балабақшамыз толық жөнделген. Жылу мәселесі жақсы. 2016 жылы бізде мектепке күрделі жөндеу жүргізу керек болатын. Жүргізілді. Екі ауысымда балалар оқиды. Ендігі мәселе көшені асфальттау мәселесі. Былтырғы жылы 3 көше жөнделді. Биылғы жылға тағы 6 көше жөнделеді.

Биыл ауданда 42 шақырым тас жол жөнделіп, қалыпқа келтіріледі. Ал, оған қажетті қаражаттың басым бөлігі аудандық бюджеттен бөлінбек.

Ғанибек Қазантаев, Сырдария ауданының әкімі:

- 2017 жылы аудандық және облыстық бюджеттен де біз тек жолдарға саламыз. Сол жұмыстарға үлкен назар аударып отырмыз.

Сырдариялықтардың биылғы жылға деген жоспарлары да ауқымды. Солардың ішіндегі ең ірісі күн электр станциясының құрылысы. Жоба жүзеге асып жатса, жүздеген адам жұмыспен қамтылып, қазынаға да миллиондап қаржы құйылады.

Авторы: Дамир Берікұлы, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы