384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе қаласына қарасты Өрлеу ауылының басшысы халық алдында есеп берді

  • 763
  • UPD: 10:38, 19.01.2017

Ақтөбе қаласына қарасты Қурайлы ауылдық округі Өрлеу ауылының басшысы халық алдында есеп берді.

Тұрғындардың бірі жол мәселесін қозғаса, өзгесі таза ауыз судың тапшы екенін айтты. Осыдан 3 жыл бұрын біздің түсіру тобымыз Өрлеу ауылындағы ауыз су мәселесін көтерген болатын. Сол кезде тұрғындар құдықтың ащы суынан бау-бақшаның қурап жатқанын айтқан еді. Ауыл халқы тіршілік нәрін өздері қазған ұңғымадан алуға мәжбүр болды. Өйткені облыс орталығына тиіп тұрған елді мекенге таза су құбыры тартылмаған. Бұл мәселе ауылдық округ әкімінің есеп беру жиынында тағы да сөз болды.

Алтынай Досжанова, ауыл тұрғыны:

- Біздерде мына су мәселесі, өзіміз ауламыздан қазып алған құдығымыздың суы деген шелекке құйғанда, бір сағаттан кейін беті майланып тұрады. Бізге сол Ақбұлақтан су керек. Марлімен сүземіз қайта-қайта, қабаттап екі-үш қабаттап, соны ішеміз, енді қайдан аламыз суды.

Қазір ауылда төрт жүзге жуық түтін бар. Тұрғындардың көпшілігі Ақтөбеге қатынап жұмыс істейді. Облыс орталығына жақын орналасқан ауылға сырттан көшіп келушілер де көп. Өткен жылы ауыл ішінде 3 көше жөнделіп, қиыршық тас төселген. Халықтың сұрауы бойынша, орталық көшелер жарықтандырылды. Ең бастысы - 270 орындық су жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал біздің арна ауыз су мәселесін көтергеннен кейін, көп ұзамай, ауыл маңындағы жер асты суын зерттеу жұмыстары басталып кетті.

Мақпал Тұрмағанбетова, Қурайлы ауылдық округінің әкімі:

- 3 жыл бойы судың қорын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы қаланың құрылысы бөлімі сметалық жоба дайындап жатыр, «Ақжол-2» деген ЖШС-мен дайындап жатыр. Сол жоба дайын болғаннан кейін, осы ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз етеміз деген ойдамыз.

Өзен жағасындағы шұрайлы жерде орналасқан ауылда мал ұстайтындар көп. Мұнда 5 шаруа қожалығы мен 1 кооператив бар. Өткен жылы құрылған кооператив жекенің сауын малын жинаған. Сауылған сүтті қаладағы ірі зауытқа апарып өткізеді. Қазір шағын ауылда бірнеше дүкен, монша, тігін цехы жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы