386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік талабы өзгертілді

  • 1715
  • UPD: 11:22, 19.01.2017

Биылдан бастап Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік талабы өзгертілді.

Қаңтар айында ақпараттық-комуникациялар технологиясы саласындағы ортақ талап және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі Үкімет қабылдаған құжат күшіне енді. Ақпараттық дәуірде әрбір мемлекет өз мүддесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қамданып жатыр. Көршіміз Қытай елі де жаңа киберқауіпсіздік стратегиясын жариялады. Көп ұзамай арнайы заң да қабылдамақ. Енді интернет-компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдары берген ақпараттарының сапасын қадағалауы керек. Жалған мәлімет бергендер темір тордан бір-ақ шығады. Шетелдік контенттің өзі жеке бөлім. Ол ерекше тексерілетін болады.

Қытайлық киберкеңістік басқармасының стратегиясы 15 беттен тұрады. Мұнда Қытай өз интернетін, яғни чинетті қауіпсіз, ашық, заңды және бейбіт ету үшін қалай қорғалатыны жөнінде жазылған. Әсіресе, мемлекеттің ақпараттық инфрақұрылымын қорғап, кибертерроризм және интернет қылмыстарымен күресті күшейте түспек. 2017 жылы жазда қабылданатын жаңа құжат бойынша шетелдік телекоммуникация, қаржы саласындағы және ІТ-өнімдері толыққанды тексеруден өтуі тиіс. Әсіресе, үкіметте қолданылатын технологиялар мен софттар жіті бақыланады. Тіпті жеке кодтарын ашып беруі мүмкін.

Батыр Махабыл, Beijing Ceeety Information Technology компаниясының қызметкері:

- Қазір қарапайым адамнан бастап ірі өндірістік орындар, мемлекеттік органдардың жұмыстары осы интернетке тікелей тәуелді. Тіпті бүгінде ғаламтор қоғам дамуының негізгі факторына айналды. Сондықтан киберкеңістіктегі қауіпсіздік мемлекет үшін маңызды. Қытайдың интернет қауіпсіздігін бақылау орталығы өткен аптада 1379 шабуылды тіркесе, оның 193-і сырттан жасалған. Қазір Қытай Үкіметі осыған қатысты заң жобасын қарастырып жатыр. Бұл құжат әлі ресми қабылданған жоқ. Бірақ оған сәйкес Қытай территориясында жұмыс істеп жатқан барлық компаниялар өз кодтарын ашып көрсетуі тиіс.

Елдегі интернет-компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін де желіге салынатын хабарлар сапасын қадағалау талап етілген. Демек, жел сөз таратқандар жазаланады. Мәселен, 5 мың рет қаралып, 500-ден астам адам қайта таратқан жалған ақпараттың авторы үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Естеріңізге салайық, 2013 жылы құс тұмауынан көп адам өлді деп өсек таратқан 11 адам қамауға алынған болатын. Былтыр желтоқсан айынан бері онлай-трансляциялар мен ақпарат ағыны жіті қадағаланады. Қауіпсіздікке қатер төндіретін қандай да бір әрекет байқалса, бірден бұғатталады.

Тянь Рэн, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Интернет кеңістігінде еркіндік керек. Алайда тым еркінсіп кету кейбір қауіпті іске итермелеуі мүмкін. Сондықтан қадағалаушы орындарың бақылауда ұстауы орынды деп ойлаймын. Ең бастысы, ұлттық әрі xалықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Сонда ғана алаңсыз өмір сүреміз.

Қытайда соңғы бірнеше жылдан бері Firewall немесе «Алтын қалқан» деп аталатын контентті сүзгіден өткізетін жүйе жұмыс істеп келеді. Жергілікті IP арқылы Facebook, Twitter, YouTube ресурстарына кіру мүмкін емес. Google, Instagram қызметтері, кейбір жетекші ақпарат агенттіктері мен газеттердің сайттары да бұғатталған. Егер шетелдік сайттарға кірсеңіз, қосылу жылдамдығы бірден төмендейді. Жаңа стратегияға сәйкес, Қытай интернеттегі қауіпсіздігін тіпті күшейтіп, осы бағытта басқа да мемлекеттермен әріптестігін нығайта түспек.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй 

Хабар 24 телеарнасы