387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысындағы Сексеуіл кентінде спорт кешені салынады

  • 2249
  • UPD: 17:45, 19.01.2017

Арал маңындағы ең ірі ауылдардың бірі – Сексеуіл кенті.

12 мыңға жуық халқы бар елді мекеннің әкімі халық алдында есеп берді. Мұнда кәсіпкерлік қанат жайып, балабақша мәселесі толық шешілген. Дегенмен тұрғындар бірінші кезекте ауызсудың түйткілін тарқатуды сұрады.

Кезінде кент ішіне тартылған су құбыры әбден тозған. Сондықтан ауызсу тәулігіне 3-4 сағат қана беріледі екен. Кейбір үйлер тасымалданатын суды сатып алуға мәжбүр. Аудан және ауыл әкімінің есеп беру жиналысында да осы мәселе көтерілді. Кенттегі су жүйесі алдағы көктемге дейін толық жаңартылып бітпек. Бұл мақсатқа «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, құрылысы басталып кеткен.

Жолмырза Мырзағұлов, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Осы көктемде береміз деп айтып жатыр. Салды, жақсы салды. Құбыр да сапалы. Тереңдетіп, 2 метрден астам қылып салып жатыр. Соған қарағанда суымыз жақсы болады деген ойдамыз. 

Кенттің дәл ортасынан теміржол өтіп жатыр. Ауылдықтар «арғы бет» атап кеткен бөлігіне білім ошағы қажет. Оқушылар шойынжолды асып өтіп мектепке қатынайды. Ал жастардың спорт кешенін салып беру туралы ұсынысы биылдан қалмай орындалатын болды.

Ақтілек Есеев, жастар ұйымының жетекшісі:

- Сексеуілдің жастары өте талантты, байсалды, спортпен шұғылданады. Сол себепті осы Сексеуіл кентіне спорт кешені салынса жақсы болар еді.

Тұрғындар кентке көгілдір отын тартып, Арал қаласына дейінгі 30 шақырымдай жолды жаңғыртуды да сұрады.

Мырзагүл Рысалдықызы, Сексеуіл кенті әкімінің міндетін атқарушы:

- Кентте 73 көше бар. Соның орталығы – ең ұзын көшесіне 82 баған орнатылып, жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Биыл жарықтандыру жұмысы жалғаспақ. Жол қатынасы Арал мен екі ортадағы жол қатынасының асфальттау жұмыстарына қаржы бөлініп, ол да шешімін таппақшы. 

Мұнда төрт түліктің төресі түйе бағушы отбасылар көп. Елді мекенде барлығы 2225 шаруа қожалығы болса, кәсіпкерлер саны 340-қа жеткен. Мұнан бөлек, кент тұрғындарының 70%-ы теміржол саласында еңбек етеді.

Айта кетейік, Сексеуіл-Жезқазған теміржолының салынуына байланысты теміржолшыларға арнап өткен жылы 20 тұрғын бой көтеріп, пайдалануға берілді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы