389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылоба елді мекенінің тұрғындары әкімнің алдына өзекті мәселелерді көтерді

  • 1060
  • UPD: 20:14, 20.01.2017

Батыс Қазақстан облысының Қызылоба ауылы төрт түліктің саны жөнінен өңірдегі ең ірі елді мекеннің бірі.

Былтырғы есептік кездесуде тұрғындар ауылдағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу және мәдениет үйін жаңғыру секілді өзекті мәселелерді көтерген еді.

Осы және өзге де түйткілдердің түйіні тарқады ма? Алда атқарылар қандай жұмыстар бар? Бұл сауалдарға біздің осы өңірдегі тілшіміз де жауап іздеп көрді.

Қызылоба ауылдық округіне 3 елді мекен мен 30 шақты қыстақ кіреді. Жер жағдайы егін егуге келмегендіктен, ауыл халқының бар күнкөрісі төрт түлікпен тығыз байланысты. Округ аумағында 60 шаруа қожалығы құрылған. Жекенің қолындағы мал саны да өсіп келеді. Өткен жаз жайлы болып, шаруалар малдың жем-шөбін артығымен дайындап алды. Ауылға көгілдір отын кіргізілген. Облыс орталығына апаратын 200 шақырымдық жол да тақтайдай тегіс.

Меңдеш Исламғалиев, Еңбек ардагері:

- Біздің бір мәселе, бізде Жангелді елді мекені бар. Ол енді аудан әкімінің есеп беру бағдарламасының оқып отырмыз, газ тартылады дейді. Енді біздің ауылда әлеуметтік көмек алатын адам жоқ.

Былтырғы кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тауып, ауылдағы білім ошағы мен мәдениет үйі жөнделді. Стадион мен мұз айдыны салынды. Тұрғындардың тілегі бойынша мектепке Кеңес Одағының батыры Есен Орақбаевтің есімі берілді.

Нұрболат Қажығұмаров, Е.Орақбаев атындағы мектеп директорының орынбасары:

- 2016 жылы мектебіміз күрделі жөндеуден өтті, жалпы сомасы миллион теңгеге жасалды. Мектептің барлық пән бөлмелері, дәліздер, мектеп спорт залы, асханасы түгел күрделі жөндеуден өтті.

Осыдан 15 жыл бұрын ауылға таза ауыз су жеткізу үшін арнайы сорғы орнатылған болатын. Қазір ауыл тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отырған жоқ. Дегенмен, төрт құбыламыз тең болуы үшін мемлекеттік бағдарлама игілігіне қол жеткізгеніміз абзал, - дейді ауыл әкімі.

Нұржан Бердіғалиев, Қызылоба ауылдық округінің әкімі:

- 2001 жылы таза су мәселесі шешілген болатын. «Струя» қондырғысы орнатылып, ауыл маңындағы Көшім каналынан суды тазартып, сол арқылы ауыз су мәселесі шешілген. Бірақ дегенмен, ел болғасын «Ақбұлақ» бағдарламасымен үй-үйге кіргізгілері келеді. 4 жыл бұрын жобалық сметасын жасақтап қойғанбыз.

Округке қарасты отыз шаруашылық асылтұқымды аналық мал басына төленетін демеуқаржы алды. Мал шаруашылығын несиелендіруге бөлінген 44 миллион теңге де қолға тиді. Таяу болашақта ауылдықтар несие серіктестіктерін көбірек құрып, агробизнес саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатыспақ ниетте.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы