389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақсақалдар алқасы - Красная Поляна ауылының ұйытқысы

  • 993
  • UPD: 12:59, 22.01.2017

Ақмола облысының Сандықтау ауданында бірлігі мен тірлігі жарасқан аядай ауыл бар.

Атына заты сай Бірлік округіне қарасты Красная Полянаның өзге өңірлерден ерекшелігі сүттей ұйып отырған тұрғындары ақсақалдар алқасының ақыл-кеңесінен аттап көрген емес. Ауызбіршілігі бекем, татулығы тамаша. Жас-кәрісі ішімдік, есірткі деген жат әдет, жаман әдетті мүлдем білмейді. Тіпті, дүкендерінде арақ-шарап атымен жоқ.

Ауыл халқының 99 пайызы шешендер болғандықтан, осыдан 20 жыл бұрын мұнда шешен тілі пәні қосымша сабақ ретінде енгізіліпті. Содан бері қаншама түлек өз ана тілін толық меңгеріп шыққан. Мектеп ұжымының айтуынша, бұл – еліміздегі көреген саясаттың бір көркем көрінісі.

Айшат Халимова, шешен тілі пәнінің мұғалімі:

- Бұл пәнді бір кездері ауылда тұрған неміс, орыс ұлтының балалары да қызығып оқыды. Қазір олар алыста жүрсе де, бізге шешен тілінде сәлем жолдап тұрады. Бұл – Қазақстандағы түрлі ұлттардың өзара тату екенін білдіреді.

Жалпы, мектепте 170 оқушы бар. Білім ошағы орыстілді. Ал ана тілін ұмытпаған шешен ұлтының балалары, салт-дәстүрін де берік ұстанады. Ұлттық өнерлерімен өзгелерді тәнті ете алады. Ал ауылдағы ақсақалдар алқасы – елді мекеннің ұйытқысы. Мұндағы кез келген мәселе осы кеңестің келелі отырысында шешіледі.

Магамед Гербаев, ақсақалдар алқасының мүшесі:

- Ең басты жетістік – бүгінде біздің ауылда қылмыс деген атымен жоқ. Бұл – тәрбие мен тәртіптің нәтижесі. Ал ауылдасымыздың басына түскен қиындықты бірігіп көтеруді біз адамдық міндетіміз деп білеміз. Тұрғындар арасында түсініспеушіліктер болып жатса да, оның барлығы осы ортада шешіледі. Оны біз сотқа жеткізбейміз.

Ал ауылдың игілігі үшін десе, тұрғындар қорадағы соңғы малына дейін сатып жіберуге бар. Тіпті, былтыр елді мекенді көркейту үшін халық бақандай 6 млн теңге қаржы жинапты.

Ансар Ибаев, ауыл әкімі:

- Ол қаражат Петряковка ауылының мектебіне су тартуға, сол елді мекен мен Арбузинканың арасындағы көпірді жөндеуге, зираттың айналасын қоршауға және тағы да басқа дүниелерге жұмсалды. Біз осылайша мемлекетке алақан жаймай, кей мәселелерді қолдан келгенше өзіміз шешіп жатырмыз.

Ауылдастар бұрын кедір-бұдыр болған елді мекен ішіндегі жолдарды да өздері қиыршық тас төсеп, жөндеп алыпты. Ал 1 мыңнан астам халқы бар ауылды алаңдатып отырған ендігі мәселе – аудан орталығына баратын жолдағы Жабай өзеніне көпір салу. Бірлігі бекем ауыл тұрғындары бұл мәселенің де оң шешілетініне бек сенімді.

 

Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный, Е.Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы