419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада тұтанған Универсиада алауы Алматыға жөнелтілді Featured

  • 3743

Астанада көптен күткен Универсиада алауы жағылды. Назарбаев Университетінен бастау алған шараға Елбасы қатысып, байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі. Ал эстафеташылар Президенттің пәрменімен қала көшелерімен алауды алып өтті.

Астана, 25 қаңтар. 2017 жыл. Бұл күн тарих беттерінде алтын әріппен жазылары сөзсіз. Елімізде тұңғыш рет өтетін Бүкіләлемдік Универсиаданың алауы елордада тұтанды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы 4-5 күннің ішінде алау бүкіл Қазақстанды шарлап шығып, спортшыларымызға деген ел тілегін қабыл аласыздар, арманын, ойын. Сондықтан жеңіске жетуге ол көмегін тигізетін болады. Бұл – тұңғыш рет тәуелсіздік жылдарының ішінде жеткен жетістігіміздің бірегейі. Бұндай дүниежүзілік доданы біз еш уақытта Қазақстанда өткізіп көргеніміз жоқ. 57 елдің спортшылары келетін болады. 170 мемлекеттің сайлауымен біз ұтып алдық.

Қазақстан посткеңестік елдердің ішінде студенттік ойындарды өткізу мәртебесіне ие болған бірден-бір мемлекет. Бұл елімізге көрсетілген құрмет. Артылған сенім.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл, біріншіден, біздің еліміз үшін үлкен абырой. Қазақстанды тағы да дүниеге паш етеміз. Мыңдаған журналист болады. Екіншіден, жастарды спортқа баулиды. Үшіншіден, салған спорт кешендерінің барлығы болашаққа, болашақтағы еліміздің спортшыларына қызмет етеді. 168 мүшесі бар командамыз алға жүріп, бәрімізді қуантады деп сенемін.Табысты болыңдар! Қуантыңдар бәрімізді!

Президенттің ақ тілегімен Универсиада алауын алғаш болып көтеру мәртебесі хоккейші Мадияр Ыбырайымбековке бұйырды.

Мадияр алауды алып өтіп, тізгінді Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левитке табыстады. Осылайша эстафетаға жалпы саны 60 адам қатысты. Олардың барлығы арнайы іріктеуден өткен. Мұндай жауапты міндет 17 мен 28 жас аралығындағы білім мен спортта жетістікке жеткен, салауатты өмір салтын ұстанатын нағыз патриот студенттер мен аспиранттарға жүктелді. Сол жағалаудағы Қабанбай даңғылынан басталған эстафета оң жағалаудағы Кенесары көшесіндегі ескі алаңда межеге жетті. Жолдың қашықтығы – 12 шақырым. Эстафеташылардың әрқайсысы шамамен 200 метрді жүгіріп өтті. Елордада тұтанған алау қала әкімі Әсет Исекешевке табысталып, Алматыға жөнелтілді.

Мадияр Ыбырайымбеков, «Барыс» клубының қорғаушысы:

- Біз бұл шараны көп күттік. Міне, осы күнде келіп жетті. Мен үшін Универсиада алауын алып өту үлкен абырой. Біз үшін ең қауіпті қарсылас өзіміз. Егер жеңіске жетеміз деп өз-өзімізді сендіріп, психологиялық тұрғыда дайын болсақ, кез келгенді тізе бүктіреміз.

Бұл рәсім ертең еліміздің әр өңірінде жалғасып, жексенбі күні дүбірлі дода Алматыда өз шымылдығын түреді. Осылайша Универсиада алауы жалпы алғанда 22500 шақырым жолды еңсереді. Жалпы, бүкіләлемдік студенттік ойындар тарихында алауды тұтату рәсімі тұңғыш рет өткізіліп отыр. Ондағы мақсат спортшыларымыздың жігерін жалындату.

Дәулет Рахымбаев, «Универсиада 2017» ойындарындағы Қазақстанның ұлттық құрама командасының капитаны:

- Аса қадірменді Елбасы, студенттік спорт түрлеріне қолдау білдіргеніңіз үшін сізге алғысымыз шексіз. Сіздің арқаңызда әлемдік спорттағы ең мықты командалар елімізге келді. Универсиадаға қатысу біз үшін үлкен абырой әрі жауапкершілікті жүктейді. Қазақстан құрама командасы жарысқа толықтай дайын екенін жеткізгім келеді. Біз ел қоржынын медальға толтыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Универсиада ойындарына еліміз тұңғыш рет 1993 жылы қатысқан. Содан бері әр 2 жылда бір рет өткізілетін байрақты бәсекеде 700 спортшы бақ сынап, 125 медаль қанжығаға байланды. Енді санаулы күндерден соң ел қоржыны тағы да қомпайып, көк байрақ көкте желбірейтініне сенім мол.

Ғани Қасымов, Назарбаев Университетінің студенті:

- 28-ші Халықаралық Универсиада елімізде болып жатқан үлкен оқиғалардың бірі деп есептеймін. Ол бүкіләлемдік додада еліміздің атын шығарып, жоғарғы деңгейге көтереді. Өзім биатлон түріндегі спортшыларымызға жанкүйер боламын. Барлығына сәттілік тілеймін!

Василий Левит, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері:

- Ешкімді бөліп-жармай, Қазақстан құрама командасының барлық спортшыларына жанкүйер боламыз. Қолдау көрсетеміз. Алға Қазақстан!

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Есбол Мұратұлы, Әлібек Әлиев

Хабар 24 телеарнасы