383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында қарақшылықпен айналысқан 9 қылмыстық топ анықталды

  • 956
  • UPD: 11:46, 03.02.2017

Алматы облысында пәтерді тонау жиілеген.

Мұндай келеңсіз жағдайлар негізінен Алматыға іргелес орналасқан аудандарда көп кездеседі. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары ұрыларды ұстауға мықтап кіріскен сыңайлы. Мәселен, Жамбыл ауданында өткен шұғыл-профилактикалық шара барысында апта ішінде қарақшылықпен айналысқан 9 қылмыстық топ анықталды.  

Нұрбәти апа Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында тұрады. Үйі тоналған күні ол қонақта болыпты. Ұрылар терезе қоршауын бұзып, үйге кірген. 

Оқиға түнде болған. Ұрылар бағалы заттар, әшекей бұйымдар мен тұрмыстық техниканы шығарып әкеткен. Нұрбәти апа жалпы құны 200 мың теңгенің мүлігі қолды болғанын айтады.

Нұрбәти Қадырқажықызы, Ұзынағаш ауылының тұрғыны: 

- Ақша қоймайтынмын үйге. Бірақ ол күні үйге тастап кеткенмін. Ұры түседі деп ойлаған жоқпыз. 13 жылдан бері ештеңем жоғалған жоқ болатын. Полиция тауып отыр ғой, бұған да рақмет.

Тек Ұзынағашта ғана емес, көршілес ауыл тұрғындарын да зар қақсатқан әккі ұрылар көп ұзамай қолға түсті. Аудандық ішкі істер бөлімінің шұғыл-іздестіру шарасының нәтижесінде қылмыстық топ анықталып, барлық мүшесі ұсталды. 

Сауытбек Қалысбаев, Жамбыл ауданы ІІБ басшысының тергеу жөніндегі орынбасары:

- Барлығының отбасылары бар. Жағдайлары бар. Үйлерінде тұрады әке-шешелері. Бұрын сотталмаған. Ішінде бір-екеуі бұрын қылмысқа тартылған. Олардың барлығы Қарақалпақстан, Өзбекстаннан келген азаматтар екен. Қазіргі күні барлығы қамауға алынды.

Ұсталғандар енді ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-тармағы бойынша заң алдында жауап береді. Ұйымдасып қылмыс жасағандары үшін 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. 

«Пәтер тонаушылар негізінен өздерінің әккі әрекеттерін іске асыруға түнде шығады», - дейді тәртіп сақшылары. Жалпы, өткен жылы Алматы облысында бөтеннің мүлкін тонау оқиғалары бойынша 5 мыңға жуық дерек тіркелген. Оларды ашу деңгейі 50%-ды құрап, 427 адам қамауға алынған.

Авторлары: Алмас Садуақас, Ғани Бекенов

Хабар 24 телеарнасы